Басты Жаңалықтар Су дипломатиясы – стратегиялық міндет

Су дипломатиясы – стратегиялық міндет

Арал теңізін сақтау мәселесі әлі де жаһандық деңгейдегі өзекті тақырып. Ұлттық құрылтайдың V отырысында осы бағыттағы негізгі қадамдар мен алдағы жоспарлар нақтыланды. Қазіргі таңда Көкарал бөгетін биіктету жұмыстары пысықталып жатыр, жоба жыл соңына қарай іске қосылмақ. Бұл бастама Кіші Аралдағы су көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді,-деді Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысы суға келгенде Қазақстан көршілеріне тәуелді екенін айтты. Шынында ірі трансшекаралық өзендердің ең төменгі сағасындағы ел саналамыз. Ал бастауы басқаларда жатыр. Сондықтан олардың талап-тілегін тыңдау маңызды. Мәселенің түйіні су ресурстарын тиімді басқару мен аймақтық деңгейдегі келіссөздердің сапасына тіреледі. Бүгінде Орталық Азия елдерімен суды бірлесе пайдалану жөнінде келісімдер жасалған. Дегенмен ұзақмерзімді нәтижеге қол жеткізу үшін Аралмен қатар Каспий, Балқаш және Ертіс секілді ірі су айдындарының тағдыры көршілес мемлекеттермен өзара мәміле арқылы шешілуі қажет. Сол себепті бұл салада жүйелі саясат жүргізу міндеті алға қойылып отыр. Алдағы сәуір айында Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорына мүше елдер басшылары бас қосып, теңізді сақтау мәселесін талқылайды. Кіші Аралдың қалпына келуі Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашады деп үміттенеміз, - деді Президент.


Бөлісу