Басты Жаңалықтар ЖИ туралы заң толық күшіне енді

ЖИ туралы заң толық күшіне енді

Енді жасанды интеллект арқылы жасалған контент қатаң қадағаланады. Жиі айтылып жүрген ЖИ туралы заң толық күшіне енді. Бүгінде желідегі түрлі бейнежазба мен жарнамалардың жұртты шатастыратыны рас. Көпшілік шынайы контент пен жасанды сана жасаған өнімді ажырата алмай қалды. Ал бұдан былай әлеуметтік желіде жарияланатын мәтіндер, суреттер немесе басқа да материалдар AI технологияларының көмегімен әзірленсе, міндетті түрде таңбалануы тиіс. Жаңа құжатта тағы қандай мәселелер қамтылған? Ернұр Медет толықтырып тарқатады.

Алдағы уақытта ақылды машинаны тек адамзаттың дамуына пайдасы бар дүниелер үшін қолдануға рұқсат. Сондай-ақ барлық контент, өнім, жұмыс немесе қызметте «Жасанды интеллектімен жасалған» деген белгі болуы шарт.  Жеке тұлғаның келісімінсіз оның психологиялық жай-күйін танып білуге де  тыйым салынған. Яғни әртүрлі құрал арқылы адамның қорқып тұрғанын немесе күйзелісте екенін білдіртпей анықтау заңсыз деп саналады.

Серік Бимендеев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі басқарма басшысының міндетін атқарушы:

Заң жасанды интеллектіні пайдалануда әділдік, ашықтық, жауапкершілік пен құпиялықты қорғау туралы ережелерді айқындайды. Қазір елімізде ұлттық жасанды интеллект платформасы мен деректер кітапханасы құрылып жатыр. Ол мемлекет бақылауында болады. Басты мақсат - маңызды деректердің қауіпсіздігін күшейту және өз технологияларымызды заңды әрі қауіпсіз ортада дамыту. Жаңа заң арқылы жасанды интелектіге негізделген жұмыстар ашық жүргізіледі. 

Құжатқа сәйкес манипулятивті әдістерді қолдануға, әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол берілмейді. AI құралдарының көмегімен  адамды алдау, бақылау, кемсіту де заңға қайшы. Заман игілігін жалған мәлімет таратып, қоғамды адастыру мақсатында пайдаланғандар 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалайды. Құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі де артады.

Дархан Серік, Astana IT университеті киберқауіпсіздік мектебінің оқытушысы:

ЖИ арқылы біреудің бейнесін алып, біреудің сөзін алып, сенімді бейнені алып, адамды алдау жолдары қазір жақсы дамып жатыр. Сондықтан қазіргі  қабылданып жатқан заң қай жағы заңды, қай жағы заңсыз екенін, шекараны білдіртеді. Қазіргі уақытта кибершабуыл кесірінен қоғам зардап шегіп жатыр. Сондықтан осы заң уақытында қабылданған деп санаймын.

Сонымен қатар адамның аты-жөні, телефоны, фотосы, видеосы, дауысы немесе басқа да жеке мәліметтері заңсыз сақталмауы және таратылмауы тиіс. Жасанды  санаға жолдаған сауалдар да авторлық құқықпен қорғалады. Ең бастысы ЖИ жұмысының нәтижесі үшін оның иелері мен пайдаланушылары заң аясында тікелей жауапты болмақ.


Бөлісу