Басты Жаңалықтар Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді

Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып келеді

Елде көлік-логистика саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен бір ғана жүк транзитінің көлемі 2030 жылға қарай шамамен үш есеге өседі. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, Еуразияның қақ ортасында орналасқан еліміз халықаралық транзиттің негізгі бағытына айналуы мүмкін. Құрлықтағы көпір атанған Қазақстанның мүмкіндіктері жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектестің бейнематериалы.
Соңғы 10 жылда Қазақстан арқылы тасымалданған жүк көлемі екі есе артты. Ал алдағы 4 жылда бұл көрсеткіш тағы 2,5 есе өседі. Экономикалық зерттеулер институты сарапшыларының пайымы осы. Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында Қазақстанды Еуразияның ірі көлік-логистикалық хабына айналдыру мақсаты қойылғанын айтты. Қазіргі таңда бұл бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Мирас Қуантай, ҚР Көлік министрлігі департамент директорының орынбасары:

Өздеріңіз білетін былтыр ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолы салынды. Бұл Қытай-Еуропа бағытындағы участкенің өткізу қабілетін 5 есеге арттырады деген жоспар бар. Одан бөлек инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда Алматы стансасын айналып өтетін жолы, «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол учаскесі, «Бақты-Аягөз» және «Қызылжар-Мойынты» учаскелері болып табылады.
Сондай-ақ Жезқазған-Қарағанды, Ақтөбе-Ұлғайсын, Сарыағашты айналып өтетін учаске және Атырау-Доссор сынды ұзындығы 10 шақырымдық жол жөнделеді. Оған қоса Каспий теңіз порттарының қуатын күшейту көзделген. Контейнерлік хаб толық пайдалануға беріледі. Мамандардың айтуынша, осы қарқын сақталса, Қазақстан жақын болашақта халықаралық транзиттің негізгі бағытының біріне айналуы мүмкін.
Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Географиямыз, локациямыз сұранып тұр соған. Бұны жасамау тіпті күнә деп есептеймін. Біз егер де бір Автралия немесе Мадакаскар сияқты шетте болсақ біз хаб бола алмас едік. Біз Еуропа мен Қытай, Араб әлемі мен Ресейдің арасында хаб бола аламыз.
2030 жылға дейін 5 мың шақырым теміржол салу және жаңғырту, 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар 4 жаңа әуежай салынып, қолданыстағы аэропорттардың мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Стратегиялық маңызы бар бағыттарға автожолдар да салынуда. Бұл еліміздің экономикалық әлеуетін арттырады дейді, - мамандар.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Бірінші кезекте көлік және логистика салаларын айтар едім. Яғни жүк тасымалы, транзиттік қызметтер, порттық операторлардың қызметтері, логистика орталықтарының ашылуы, одан кейін кірістердің артуының барлығы да тікелей экономикалық өсімнің қозғаушы күші болады. Сонымен қатар инфрақұрылымдық қызметтердің де дамуы яғни, әртүрлі қоймалардың ашылуы, контейнерлік операциялардың өздері де үлкен табыс әкелетін салаларға әсерін тигізеді.
Елімізде 13 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның бесеуі теміржол, сегізі автомобиль жолдары. Сарапшылардың айтуынша, көлік-логистика саласына салынған әрбір инвестиция ел экономикасына бірнеше есе болып қайтады. Сондықтан Қазақстанның транзиттік хабқа айналуы - тек мүмкіндік емес, стратегиялық қажеттілік.



Бөлісу