Елімізде қоқыстың 20-25 пайызы ғана қайта өңделеді
Қазақстанда жыл сайын миллиондаған тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Алайда оның басым бөлігі қайта өңделмейді. Біз бен сіздің үйден шыққан қоқыс қайда жіберіледі? Полигонға жеткенге дейін қанша сатыдан өтеді? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтап көрді.
Біз қоқысты күн сайын ауладағы осындай контейнерлерге тастаймыз да, ол туралы мүлде ұмытамыз. Мына менің қолымдағы пакетте пластик те, азық-түлік қалдықтары да бар. Қоқысты бөлек жинау жүйесі болмаған соң, барлығын бір жәшікке тастаймыз. Бұл қалдықтар ары қарай қайда жіберіледі? Полигонға жеткенге дейін қоқыс қандай сатыдан өтеді? Анықтап көрейік.
Елордада күніне 1600 тоннаға дейін тұрмыстық қалдық жиналады. Оны 100-ден астам арнайы көлік тиеп алып, қала сыртына әкетеді. Бұл - бірінші саты.
Қаладағы жәшіктерге жиналған қоқыс мынадай сұрыптау орталықтарына жеткізіледі. Бұл - екінші саты. Мұнда қағаз, пластик, әйнек және органикалық қалдықтар іріктеліп, қайта өңдеуге жіберіледі.
Қаламқас Күлімбаева, қоқыс сұрыптау зауытының инженер-экологі:
Тәулігіне осы зауытқа 1000 тоннадан артығымен келіп жатыр. Сұрыптау барысында шыны, пластиктердің, полиэтеленнің түрлері, қатты қағаз, картон, металдар мен бөтелкелер барлығы сұрыпталып жатады. Кәдеге жарайтыны 20-25 пайыз ғана.Сұрыптау екі түрі тәсілмен жасалады. Яғни, қалдықтар арнайы құрылғылармен немесе қолмен іріктіледі.
Медет Жалпыбаев, қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
Астанада шыққан қоқыстың 17-20 пайызы қазіргі таңда сұрыпталып, қайта өңделеді. Қоқысты қайта өңдейтін ірі 5-6 ірі кәсіпорындарымыз бар.Ал ел бойы бойынша былтыр 5 млн тоннадан астам қоқыс шығарылған. Өкінішке қарай, оның тек 1 млн тоннасы сұрыпталған.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстанда қоқыстың тек 20-25 пайызы ғана қайта өңделеді. Ал қалған қалдықтар осындай полигондарға жеткізіліп, талапқа сай көміледі. Бұл - үшінші саты.
Дәмегүл Рахманбердиева, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің департамент сарапшысы:
Қоқысты жинау сатысында сұрыптау өте маңызды. Аралас түрде қалдық жиналатын болса, ол өңдеуге келмейді. Өңдеу кәсіпорындары да қоқысты қабылдар кезде арнайы ережелері бар. Егер қоқыс таза күйінде сақталған болса, қағаз қалдықтар, мысалы, ылғалдылығы бойынша тәртіптері бар, ережелері бар. Таза сақталса, қайта өңдейді.Сондықтан да сұрыптау орталықтарына жеткізілген тұрмыстық қалдықтардың 70-80 пайызы қабылданбайды. Қазір елімізде үш мыңға жуық полигон жұмыс істейді. Әлем елдері бұл бағытта әлдеқашан алға озды. Мәселен, Германия, Австрия, Нидерланды, Швеция, Бельгия мен Италия және Словения секілді мемлекеттерде тұрмыстық қалдықтардың 50-70 пайызы қайта өңделеді. Бұл әрбір екінші қоқысты кәдеге жаратып отыр деген сөз.
Қазір еліміздегі барлық қалада қоқысты бөліп жинауға арналған жәшіктер қойылып жатыр. Мәселен, елордада сары контейнерлерге құрғақ қалдықтар, жасылға дымқыл, ал қызғылт сары жәшіктерге қауіпті қалдықтарды тастау керек. Қазақстан үшін қоқысты қайта өңдеу – экологиялық қауіпсіздік қана емес, экономикалық мүмкіндік. Сондықтан әрбір азаматтың жауапкершілігі контейнер қасында басталуы тиіс. Қоқысты сұрыптау – болашаққа салынған инвестиция. Өйткені ол қалдық емес - құнды ресурс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы