6 сынып оқушысы 4 тілде 853 кітап оқыған
Астаналық 6-сынып оқушысы Алтынай Өтеубаева 4 тілде 853 кітапты оқып шыққан. Бұл - қала мектептеріндегі ең жоғары нәтиже. Кітапқұмар оқушымен тілшіміз кездесіп қайтты.
Алтынайда телефонға телміру жоқ. Бос уақыттың барлығын білімге жұмсайды. Көркем әдебиеттер мен танымдық шығармаларды жанына жақын көреді. Төрт жасында кітаппен танысқан ол қазірдің өзінде үш тілді еркін меңгерген. Енді француз тіліндегі кітаптарды оқып жүр.
Алтынай Өтеубаева, оқушы:
Мен бір жылда 100-150 кітап оқи аламын. Кейбір кезде одан да асамын. Мен кейде блакнотқа график сызамын. Мысалы, екі кейіпкер кітаптың басында дос болса, кітаптың соңында қалай аяқталды. Немесе өлең-сөз ұнап қалса, жазып аламын.
Білімге құштар оқушы мектеп кітапханасындағы барлық кітапты оқып тауысқан. Ұнатқан шығармаларды Англиядан арнайы тапсырыспен алдырады. Бұған қоса, Ұлттық кітапхананың да тұрақты оқырманына айналған.
Шапира Сәрсембекова, кітапхана меңгерушісі:
Бір күні бір кітапты алды. Екінші күні ол кітапты әкеліп тұр. «Алтынай оқыдың ба?» десем, «Иә, оқыдым» дейді. «Айтып берші мазмұнын» деп едім, айтып берді. Балалардың сұрайтыны - фантастика, сосын ертегілерді оқиды.
Алтынай оқыған 853 кітаптың 65 пайызы ағылшын тілінде. Қалғаны қазақ, орыс, француз әдебиеттері. Білімге құштар оқушы кітаппен қатар, ертегі жазумен де шұғылданады. Оған қоса пәндік олимпиадаларда жетістіктерге жетіп жүр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы