Алматы облысына 600 млрд теңге инвестиция тартылады
Алматы облысында кәсіпкерлік қанат жайып келеді. Былтыр аймаққа 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, жұмыс орындары көбейді. Сондай-ақ талапты жастарға да қолдау көп. Әлеуметтік және жас кәсіпкерлерге 140 млн теңгеге жуық грант берілді. Аймақта атқарылған жұмыстар мен кәсіпкерлік саласы туралы Нұрдәулет Сыздықтың репортажында.
Ән өнерін терең меңгерген жастар Айдос Сабыр ашқан орталықта өз білігін шыңдап жүр. Ол былтыр кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында қайтарымсыз 5 млн теңге грант алған. Жас кәсіпкер бұл қаржыға білім, спорт, өнер мектебін құрды. Қазір онда 750 бала білім алады.
Айдос Сабыр, кәсіпкер:
Осы ауылда 20 мыңға жуық адам бар. Көрші ауылдан да келетін балалар бар. Осы ауылда спорт және өнер білім орталықтары тапшы еді. Мемлекеттің көмегінің арқасында осы жоба жүзеге асырылып, біраз бала уақытын тиімді қолданып жатыр.
Өңірде қызмет көрсету ғана емес, өндіріс ошақтарының да жұмысы қызған. Мәселен, мына зауытта құрылысқа қажетті материал жасалады. Кәсіпорында 150 адам еңбек етеді. Олар айына 35 мың текше метр өнім шығарады.
Дмитрий Романов, зауыт директоры:
Алматы облысы – біздің кәсіпорнымыз үшін өте қолайлы аймақ. Себебі іргесінде мегаполис орналасқан. Логистика жағынан ешқандай мәселе жоқ. Өңірде жұмысшы тапшылығы да сезілмейді. Мұндай артықшылықтар кез келген өндіріс үшін аса маңызды.
Алматы облысында сауда мен өнеркәсіпке басымдық берілген. Былтыр өңірге 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Қомақты қаржыға 21 өндіріс ошағы құрылып, 7 мың 500 маман екі қолға бір күрек тапты. Бұл көрсеткіш бойынша облыс ел өңірлері арасында 7-орынға, ал инвестициялардың көлем индексі бойынша 4-орынға жайғасты.
Жауаптылар биыл да салада жұмыс қарқынды жүреді деп отыр.
Әділ Әбілдаев, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
2026 жылға 37 жоба қамтылған. Оның инвестициялық көлемі – 600 млрд теңгеге жуық. Және де 8,5 мың жуық жұмыс орнын қамтиды. Олар біздің басты қалалар Алатау және Қонаев қалалары. Сондай-ақ ірі аудандарда. Агроөнеркәсіп, туризм логистика саласындағы жобаларды қамтиды.
Мамандардың сөзінше, Алматы облысында кәсіпкерлік пен инвестицияға қолайлы орта қалыптасып келеді. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына және жұмыс орындарының көбеюіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы