Құрғақ саумал шетелге экспортталуы мүмкін
Қостанай облысының Каменурал ауылында жыл он екі ай бие сауып, құрғақ саумал өндіреді. Кәсіпкер неміс технологиясы арқылы ұлттық сусынды түрлендіріп, сұранысты арттырып отыр. Енді биыл өнім көлемін екі есеге арттыру жоспарда бар.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Бұл ұлттық өнімнің ұнтақталған түрі - құрғақ саумал. Мұны осылай құр жылы суға араластырып іше беруге болады. Бір стақанға шамамен 20 гр, яғни бір қасығын араластырасыз. Сұраныс көп, себебі бір өнімнің өзінде дәруменнің А, С және Б тобындағы бірнеше түрі кездеседі.
Дайын өнім алу үшін бие сүтін арнайы камераларға салып әбден кептіреді. Қондырғы температурасы санаулы секундта -70 градусқа түсіп, сұйықтық лезде мұзға айналады. Кейін вакуум әсерінен бірден буланып кетеді. Сөйтіп сан ғасырлар пісіп қымыз қылған саумалды жаңа заман технологиясы тартылған талқандай ұнтаққа айналдырады.
Евгений Щербинин, технолог:
Бұл процесстің бәрі шамамен екі тәуліктей уақыт алады. Сублимация ең тиімді әдіс. Себебі микроэлементтер мен нәрузыдар, дәрумендер сумен бірге буланып кетпейді. Өнім құрғақ қалпында екі жылға дейін құнарлылығын жоғалтпайды.
Қазір фермада мыңнан астам Көшім жылқысы бар. Күніне 35-40 бие сауып, 350-ден 500 литрге дейін сүт алады. Сауудан бастап, дайын өнім шыққанға дейін аралық толық автоматтандырылған.
Ажаркүл Мұхамеджанова, сауыншы:
Он бес жыл жұмыс істеп жатырмыз. Аппаратпен сауған оңай. Төрт дойкадан 35 бие сауамыз.
Отандық өнім әзірге ішкі нарықта сатылып жатыр. Алайда шипалы сусынға шетелде сұраныс артып келеді. Сондықтан өндіріс көлемін еселеу үшін биыл дәл осындай зауыт Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында іске қосылды.
Ермек Талтыкеев, ферма басшысы:
Биылдан бастап қысы-жазы бие байлаймыз. Әзірге күніне 100-150 литр сүт аламыз. Болашақта бұл көрсеткішті екі есеге көтеріп, 300 литрге дейін сүт алсақ деген межеміз бар. Сонда құрғақ саумал өндірісін жылына 40 тоннаға жеткіземіз.
Сондай-ақ
жергілікті кәсіптің жоспарында Қытай нарығына шығу да бар. Онымен қоса Германия
компаниясымен бірлесіп, жылқы сүтінен косметология өнімдерін дайындап, балалар
мен спортшыларға арналған тағам түрлерін шығаруды қолға алмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы