Басты Жаңалықтар Әскери даярлық пен технология қатар дамып келеді

Әскери даярлық пен технология қатар дамып келеді

Алматыдағы радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өнертапқышы жаңа құрылғы ойлап тапты. Технология жүргізушілерге түнде жарықшамсыз-ақ еркін жүруге мүмкіндік береді. Өзге әскери білім беру мекемелерінде тағы қандай жаңашылдықтар бар? Жауынгерлерді даярлайтын білім ордаларының жұмысымен танысып қайтқан әріптесім Нұрдәулет Сыздық баяндап берсін.

Инфрақызыл сәулемен жұмыс істейтін электрондық оптика – еліміздің Қарулы күштеріне таптырмас өнертабыс. Құрылғының арқасында жүргізушілер қараңғыда жарықсыз жүре алады. Бұл – ұрыс қимылдары кезінде аса қажет құрал. Өнертапқыш технологияны жас сарбаздармен бірлесе үш айда әзірлеген. Сынақтан да сәтті өткізіпті.

Нұржан Зикиряев, радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының кафедра бастығының орынбасары:

Камераның видео мүмкіндіктері сақталған және мұнда 100 еселенген үлкейту оптикалық мүмкіндігі бар. Және сандық түрде 8 есе үлкейтуге мүмкіндігі бар. Мұны 360 градуста көретіндей мүмкіндік жасап жатырмыз. 

Алматыдағы әскери оқыту саласында тағы бір жағымды жаңалық. Мегаполисте еліміздегі алғашқы әскери-спорттық колледж жұмысын бастады. Мұнда дене даярлығы мықты, спортта жетістігі бар жастар қабылданған. Олардың қатарында Алдияр Құрманғали да бар.

Алдияр Құрманғали, студент:

Бұл колледжде оқуға 5 сағат арнаймыз. Содан соң өзіндік дайындық. Одан кейін осы жаттығу болады. Жаттығудан кейін жеке уақыт болады.

Мамандар сөзінше, мұндай білім ордаларына сұраныс әлі де жоғары.  Әскери саладағы серпіліс елдің Қарулы күштерін нығайтуға септігін тигізіп келеді.


Бөлісу