«Sarbaz+» жобасы арқылы сарбаз даярлаудың жаңа жүйесі іске қосылды
Еліміздегі мерзімді әскери қызметке заманауи технологиялар мен жаңашылдықтар енгізіледі. 90 жауынгер «Сарбаз+» пилоттық жобасы аясында бір жыл Отан алдындағы борышын өтеуге кірісті. Олар цифрлық құралдарды пайдаланып, кәсіби тұрғыда шыңдала түседі. Жаңа бағдарламаның тиімді тұсы қандай?
Жасұлан Фахриддинов – «Сарбаз+» жобасының алғашқы жауынгерлерінің бірі. Бір ай дене даярлығын шыңдап, әскери ант қабылдады. Отан алдындағы борышын өтеуге кірісті.
Жасұлан Фахриддинов, сарбаз:
Бұл мен үшін ерекше күн. Себебі әскери ант қабылдау – әрбір азаматтың басынан бір-ақ рет өтетін күн. 1 ай ішінде жаңа технологиялармен, дрондармен үйрендік. Жаңа тир алаңдарымен дайындалдық. Енді алдағы бір жылда осыны терең үйреніп, дамыған әскер қатарына кіремін деп ойлаймын.
Пилоттық жоба Алматы облысында орналасқан Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде өтеді. Жас жауынгерлер әскери даярлықтан бөлек IT мен радиобайланыс негіздерін меңгеріп, ағылшын тілін үйренеді. Ал ұрыс қимылдарына машықтану үшін соңғы технологияларды қолданады.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Менің қолымда – Калашников автоматы. Нағыз ұрыс кезінде қолданылатын қарудың электронды нұсқасы. Енді сарбаздар оқу және дайындық жұмыстарына соңғы технологияны пайдаланады. Бұл оқ дәріні үнемдейді, жауынгерлердің дайындығын шыңдауға үлкен мүмкіндік береді.
Казармадағы қауіпсіздік - маңызды міндет. Бөлімшенің әр бұрышында сарбаздардың бет-жүзін танитын заманауи бейнебақылау камералары орнатылған. Әскери қызметшілер бос уақытында спортпен шұғылданып, ойын құрылғыларын пайдалана алады.
Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
Біздің офицерлер мен сержанттар арнайы курстардан өтті. Ақылды жасанды интеллект және видео аналитиканы қостық. Келесі көктемде шақыруға бұдан бөлек 2 әскери бөлімшені қоспақшымыз. Жыл сайын мұның саны ұлғаяды.
Жауынгерлер әскери қызметтен кейін ұлттық
компанияларда тағылымдамадан өтіп, жоғарғы оқу орындарында грантпен білім ала
алады. Мамандар осылайша сарбаздардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік
береді дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы