Басты Жаңалықтар Тұрғындар қоғамдық көлік қауіпсіздігіне алаңдайды

Тұрғындар қоғамдық көлік қауіпсіздігіне алаңдайды

Алматыда автобус қағып кеткен қыздың жағдайы белгілі болды. Дәрігерлердің айтуынша, бойжеткен жансақтау бөлімінде жатыр. Жол апаты телефонға алаңдап қалған жүргізушінің кесірінен болған. Тұрғындар қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол апаттарының жиілегеніне алаңдаулы. Автобус парктері мәселемен күресу үшін қандай шаралар қабылдамақ? Толығырақ Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.

Қайғылы жағдайға әкелген қас-қағым сәт. Телефонға қараймын деген автобус жүргізушісі 18 жастағы қызды қағып кетті. Ауыр соққы алған бойжеткен ауруханаға жеткізілген. Ал жүргізушінің үстінен іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті болған іске өкінетінін айтады.

Автобус жүргізушісі:

Телефоныма бір қарадым, секунд қой бұл жерде. Адам шығып кетті. Байқамағаннан болды, өкінесің.

Жаяу жүргіншіні қағып кеткен автобус «Алматыэлектротранс» мекемесіне тиесілі. Компания өкілдері жәбірленушінің медициналық шығындарын сот шешімінің бағалауына байланысты өтейміз деп отыр. Сондай-ақ мұндай апатты жағдайдың алдын алу үшін жүргізушілерге қойылатын талапты да күшейтетінін жеткізді.

Алмас Төлегенов, «Алматыэлектротранс» ЖШС бөлім басшысы:

Енді жүргізушінің телефонын өзімізге алып қоя алмаймыз. Өйткені ол өзінің мүлігі. Сол үшін біз жазаны одан сайын күшейтеміз. Және әр жүргізушіге үндеу жұмыстарын жүргіземіз. Жазаны біз Еңбек кодексі бар, сол бойынша жұмыс жасаймыз.

Мегаполисте қоғамдық көліктің қатысуымен болатын апаттар азаяр емес. Жолаушылар автобусқа қорқыныш-үреймен мінетіндерін айтады.

Жүгенсіз жүргізушілерді тыю үшін талап пен жазаны күшейтсе дейді тұрғындар. Ал оқыс жағдай орын алса, не істеу керек? Заңгер былай деп кеңес берді.

Шаһризада Мәдіхан, заңгер:

Егер тұрғынды автобус қағып кетсе, ол медициналық шығындарды 1000 АЕК-тен астам өндіре алады. Ол үшін көлік апаты болғаннан кейін полицияға хабар беруі керек және 103-ке хабарлауы керек. Бұл сотта дәлел бола алады. Болған оқиғаны видео не фото фиксация жасауы керек. Және іске қатысты куәгерлерден ақпарат алғаны жөн.

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Қоғамдық көліктердің қатысуымен бүгін тағы да жол-көлік апаты болды. Бөгенбай батыр көшесі мен Достық даңғылының қиылысында автобус пен троллейбус соқтығысқан. Алматылықтар жолаушы өміріне қауіп төндіретін мұндай оқыс жағдайлардың алдын алып, тиісті шаралар қолға алынса дейді.


Бөлісу