«WorldSkills Kazakhstan 2025»: Еңбек нарығына жастар қажет
«WorldSkills Kazakhstan 2025» республикалық чемпионаты жалғасып жатыр. Биылғы бәсекеде жұмысшы мамандардың мәртебесін көтерумен қатар, киберқауіпсіздікке де ден қойылған. Ал, чемпионатта жеңіске жеткендер әлемдік дода ел намысын қорғайды.
Слесарь-сантехник. Сылақшы мен электрик. Құрыш қолды құрылысшы. Бұл мамандар еңбек нарығында «емге» таптырмай тұр. Сондықтан кәсіптің көзін тапқан жұмысшы жастар жерде қалып жатқан жоқ. Кірпіш қалап, тәуір табыс табуға болатынын бүгінгі буын біледі.
Нұрбол Баяшат, қатысушы:
Мен бала күннен құрылысшы болуды армандағам. Осы мамандықта оқығым келеді. Және осында түстім. Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Дайындық жетеді. Қолымыздан келгеннің бәрін істейміз.
Цифрлық технология салтанат құрған кезеңде ақпараттық қауіпсіздік қаперде болуы қажет. Әсіресе, деректерді сақтау, кибершабуылдардың алдын алудың маңызы зор. Биылғы чемпионатта алғаш рет қатысушылардың осы бағыттағы біліктілігі сыналып жатыр.
Гүлшат Бекахметқызы, ұйымдастырушы:
Қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік өте өзекті болып табылады. Сондықтан бүгін біз ұйымдастырып жатқан конкурста ақпаратпен жұмысты, ақпаратты қорғау қабілеттілігін арттыруға арналған тапсырмалар беріп отырмыз. Осы студенттерді кейін біз жұмысқа алатын боламыз.
Бұл чемпионат жұмысшы мамандардың үлкен жолға жасаған алғашқы қадамы. Кәсіби қарым-қабілетін көрсетіп, дағдысын дамытатын алаң. Жыл өткен сайын жарыстың аясы кеңейіп келеді.
Санжар Тәтібеков, «Талап» коммерциялық емес АҚ президенті:
Осы уақытқа дейін 30 құзіреттілік бойынша өткізіп жататын болсақ. Биылғы жылы ол құзіреттілік саны 45-ке өсті. Қосылған 15 құзіреттілік бұл тікелей бизнес қауымдастықтың қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Демек іргелі компаниялар жігерлі жастарға әлі де мұқтаж. Ал бұған дейінгі бәсекеде жеңіске жеткендердің 80 пайызы еңбекке араласып кеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы