Тағдыр тартысында жеңіске жеткен
Ұлттық онкология орталығында протондық терапия тәсілімен ем жүргізіле бастады. Бұл – емдеудің медицинадағы ең озық әдісі. Десе де ең алдымен «қатерлі ісік – соңғы үкім емес» дегенге науқастың өзі сенуі қажет. Дендеген дертті жеңіп шыққан жандар жайында Қозы Көрпеш Жасаралұлы айтады.
Нұрханым биыл 1-сыныпқа барды. Буыны қатпаған бүлдіршін тағдыр тартысында жеңіске жеткен. Қараңыз, қатерлі ісік небәрі 10 айында анықталып, айналдырған үш жылда Нұрханым 4 операция, 12 курс химия-терапия қабылдаған екен. Сәби жүрек соның бәріне шыдап-бақты. Қазір қатарына қосылды.
Назерке Ұлықбек, Нұрханымның анасы:
Бұл диагнозбен ауырған балалардың ата-аналарына айтарым - ең бірінші сенім. Сенім болған жерде үміт те бар. Сонда ем нәтижелі, оң болады. Ата-ана мықты болған жағдайда бала да мықты бола түседі.
Бүгінде онкологиялық және гематологиялық диагнозы бар 5 мыңнан аса бала бақылауда. Жыл сайын 600-дей жеткіншектен қатерлі ісік анықталады. Оларды емдеу республикалық бюжет есебінен жүргізіледі.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Осы жылдың аяғына дейін Қазақстанда алғаш рет балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарты бекітіледі. Осы стандарт аясында тиісті көмектің барлығын ұйымдастырамыз.
Ақын Асылзат Арыстанбекті де ауру айналып өтпеген. Сегіз жыл бұрын ми қатпарының қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Алғашында бойды белгісіздік билеп, үрей мен үміттің ортасында жүргенін айтады. Бірақ сергелдеңге салған сырқатты сенімнің арқасында жеңіп шыққан.
Асылзат Арыстанбек, ақын:
Өйткені маған медициада да айтты ғой, ол жерге операция жасалмайды. Ми қатпары деп түсінген соң миды көз алдыма елестетемін. Қатпардың ішіне кіремін. Ісіктің тұрғанын елестетемін. Оны лақтырып жіберемін. Ойша. Үздіксіз. Сол жанымды тыныштандыратын сияқты. Өзім соған сенетін сияқтымын.
Бүгінде 230 мыңнан аса науқас диспансерлік есепте тұр. Мамандар отандық медицинаның ауруды емдеуге әлеуеті барын айтады. Тек ерте сатысында қаралу қажет.
Азат Шынәлиев, Ұлттық ғылыми онкология орталығының ғылым және білім жөніндегі басқарушы директоры:
Кішкентай балалар мен ересек науқастарымызға протондық терапия тәсілін енгізіп, емін көрсете аламыз. Ол Орталық Азияда алғаш рет болып жатқан нәрсе. Егер адам қабылдап, мен емделемін, мен сауығып кетемін десе, онда ол тоқсан пайыз жақсы нәтижеге жету деген сөз.
Бұған қоса, орталық мамандары радиофармацевтикалық препараттардың 13 түрін шығаруды жоспарлап жатыр. Ол қатерлі ісіктерді жоқ қылатын дәрі-дәрмектер. Бұл - отандық медицинадағы тың жаңалықтың бірі болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы