Басты Жаңалықтар Отандық өндірушілерге жеңілдікпен берілетін шикізат тізімі кеңейеді

Отандық өндірушілерге жеңілдікпен берілетін шикізат тізімі кеңейеді

Еліміздің қойнауы қазба байлыққа толы. Бірақ соны кәдеге дұрыс жарата алмай келеміз. Енді осы шикізатты өңдеймін, өндіремін дегендерге жеңілдік беріледі. Осы мақсатта отандық өндірушілерге жеңілдікпен берілетін шикізат тізімі кеңейеді. Бүгін Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі талқыланды. Премьер-министр жауаптыларға қандай тапсырма бергенін әріптесім Самал Қабышева баяндайды.

Жер қойнауындағы қазба байлықты өңдеймін, өндіремін, кәдеге жаратамын дегендерге жаңалық. Отандық өндірушілерге жеңілдікпен берілетін шикізат тізімі кеңейеді. Жеңілдік мөлшері өңдеу тереңдігіне байланысты болады. Осылайша ішкі өңдеуді дамыту мақсатында кәсіпорындарға шикізат жеңілдікпен ұсынылады. 

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Ірі өндірушілер алдымен ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етіп, осыдан кейін ғана экспортқа лицензия алады. Бүгін бұл механизм мыс, алюминий және мырыш металдарына қолданылып жатыр. Қазір басқа салалар бойынша  шикізат түрлерін кеңейту пысықталып жатыр.

Өңдеу өнеркәсібіне 147 жоба іске қосылды

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Үкімет отырысында жасаған баяндамасына сәйкес, өңдеу өнеркәсібінде оң динамика бар. 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға жетті. Өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, құрылыс материалдары, химия саласында ұлғайған.

Жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

Ал мұнай саласында ірі зауыт салынады. Жоба 2040 жылға қарай іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде Қазақстан мұнай өңдеу қуатын 40 млн тоннаға дейін ұлғайтуға ниетті.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

Жаңа зауыттың өңдеу тереңдігі 95%-ды құрайды. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықтың жанар-жағармай материалдарына өсіп келе жатқан сұранысын 100% қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай өнімдерін көршілес елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуды Президент тапсырды. Жолдауда нақты бағытты айқындап берді. Биыл бұл салада 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Қазір 147-і жұмыс істеп тұр. Премьер-министр жауаптыларға жыл соңына дейін қалған жобаларды іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты тапсырма берді.

Премьер-министр индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Өнеркәсіп министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, басымдық берілген Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша нақты мерзімдері мен қаржыландыру көздерін көрсете отырып, егжей-тегжейлі жоспар әзірлеуді тапсырамын. 

Самал Қабышева, тілші:

Қазақстанда өңдеу саласында заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдаланып жатқан кәсіпорындардың үлесі небәрі 20 пайыздан аспайды. Ал дамыған елдерде нәтиже керісінше. Олар жасанды интеллектіге басымдық береді. Нәтижелі жұмыс істейді. Уақытты үнемдейді. Премьер-министр Олжас Бектенов жауаптыларға осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.


Бөлісу