Елімізде «Газбаллон» акциясы басталды
Елімізде «Газбаллон» рейдтік шарасы басталды. Мақсат – газбаллонды пайдалану кезіндегі құқық бұзушылықтардың және апаттық жағдайлардың алдын алу. Мамандар паркингтер мен жолдарда рейдтік тексерістер жүргізіп, газбен жабдықталған көліктерді тексереді. Жеңіл отынмен жүретін көліктерді жабық автотұрақтарға қоюға тыйым салынған. Тәртіп бұзғандарға жаза қандай?
Бұл – голливудтық фильмнен үзінді емес, газбен қозғалатын көліктен келетін апат. Жанармайды үнемдеу үшін кейбір жүргізушілер қолдан газ құрылғысын орнатып, осындай қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай көліктерді жерасты тұрағына, жапсарлас салынған нысан аумағындағы тұрақтарға қоюға тыйым салынған.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Алматыдағы заманауи ғимараттардың көпшілігінде дәл осындай жерасты тұрағы орналасқан. Бұл тұрғындар үшін жайлы. Десе де газбен қозғалатын көліктер үшін аса қауіпті. Себебі пропан газы тез тарайды, иісі де сезілмейді. Егер қандай да бір ақау болса, жарылу қаупі де ұлғаяды.
Ал Айбек Айқараұлы зауыттан арнайы газ құрылғысымен шыққан көліктердің қауіпсіз екенін айтады. Оның сөзінше, Оңтүстік Кореяда мұндай автомобильдер жерасты паркингіне емін-еркін кіре алады. Қазақстанда да осындай мүмкіндік енгізілсе, жүргізушілер үшін тиімді болар еді деп есептейді.
Айбек Айқараұлы, тұрғын:
Бәріне бірдей кіргізілмейді деп заң қойып тастады. Бірақ сол заңды қайта қараса, дұрыс болар еді. Бұлар қауіпсіз. Себебі бұлардың газ баллоны қалың болады. Бұл жерде тоқ жүргізілген, сымдары оқшаланады.
Десе де тұрғын үй кешендерінің жұрты мұндай көлік түрлеріне үреймен қарайтынын жасырмайды.
Газбен жүретін көліктердің жерасты паркингтеріне қоюды шектейтін талап 2019 жылы енгізілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ережені қадағалау үшін «Газбаллон» республикалық акциясы өтіп жатыр.
Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:
Басты мақсаты – газбаллон жабдығын пайдалану кезінде құқық бұзушылықтарды алдын алу. Оған қауіпсіздік қағидаларының бұзылуы, тұрмыста пайдаланатын газды жанармай бекеттерінде толтырмау. Сол бағытта үлкен іс-шаралар өтеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, республикалық «Газбаллон» акциясы 5 желтоқсанға дейін жалғасады. Ережені ескермегендер айыппұл арқалайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы