Басты Жаңалықтар Бүгін автолизинг бағдарламасы басталды

Бүгін автолизинг бағдарламасы басталды

Бүгін автолизинг бағдарламасы басталды. Бұл - қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндік. Су жаңа көлікті қалай алуға болады? Автолизинг бағдарламасының талаптары қандай? Жаңа көлік қандай шартпен беріледі? 

Самал Қабышева, тілші:  

Лизингке көлік алу дегеніміз – көлікті жалға алу деген сөз. Яғни, темір тұлпардың толық төлемі жасалғанға дейін көлік лизинг компаниясының меншігінде болады. Тұтынушы көлікті пайдаланады, бірақ оның иесі емес. Сонымен бірге ол көлікке қатысты қандай да бір жағдай болса, соған жауапты. Мысалы, көлікке зақым келсе, ұрланса немесе жойылса, шығынды өзі өтейді. Сондықтан клиентке міндетті түрде көлікті сақтандыру қажет. Сонымен су жаңа темір тұлпарды лизингке қалай алуға болады? Бастапқы жарнасы қанша?

 Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Негізі бастапқы жарна болмауы керек еді. Бірақ автолизинг беретін компаниялар 10 пайыз жарнасын қойып отыр. Ол реттелмеген. Екі министрлік жауапты. Сауда және интеграция, Өндіріс және құрылыс министрлігі екеуі  де жауакепшілікті алмай, шектеу қойған жоқ.

Самал Қабышева, тілші:  

Парламент Мәжілісінің депутаты Олжас Құспековтің сөзінше, бастапқыда көлікті алғашқы жарнасыз ұзақ мерзімге жалға беру қаралған. Бірақ жарнаға қатысты жауапты министрліктер шектеу қоймаған. Сол себепті көлікті беретін компаниялар жарнасыз да беруі мүмкін. Яғни, пайыздық мөлшерлеме, мерзім және төлем кестесі сияқты шарттарды лизингтік компаниялар өздері белгілейді. 

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

Бүгін Алматы қаласында бірінші лизинг беріледі. 10 пайызбен беріледі. Жылдық мөлшері 15 пайыздан аспайтын болады. Көлік Қазақстанда, шет елде шығарылған деген талап жоқ. Кез келген көлік. Ол жаңа болуы керек деген талап бар. Автокредитте зейнетақы міндеттелмеген.

Арман Баймолдаев, автолизингті алғашқы рәсімдеуші:

Мерзім аяқталған соң үш түрлі таңдау беріледі. Мүлікті толық сатып алу – барлық төлемдер жасалғаннан кейін көлік меншігіңізге өтеді. Мүлікті қайтару – мерзім біткен соң көлікті лизинг компаниясына қайтарасыз. Жаңа мүлікке ауыстыру да қарастырылған. Жалпы алғанда, автолизинг жүйесі – қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндік. Алайда бұл – тек тәртіпті төлеушілерге ғана арналған. Сондықтан келісімшартқа қол қояр алдында барлық талаппен мұқият танысу керек.


Бөлісу