Басты Жаңалықтар Халықаралық «GlobalMedKz» көрмесі басталды

Халықаралық «GlobalMedKz» көрмесі басталды

Елордада «GlobalMedKz» медициналық көрмесі басталды. Онда денсаулық сақтау саласында біртұтас жүйе құрып, турист тарту мәселесі талқыланып жатыр.  

Денсаулық сақтау саласы дамыған елдер емделуге келген азаматтардан жылына 144 млрд доллар табыс табады. Сондықтан медицинаны турист тартуда тиімді тетігі деп қарастырады. Қазақстан бұл салаға енді ғана екпін беріп жатыр. Осы мақсатта «GlobalMedKz» көрмесі өткізіліп отыр.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінгі шара біздің медицина саласына инвестиция тартуға үлкен мүмкіндік береді. Көрме арқылы кәсіпкерлерді, шетелдік адамдарды, клиенттерді тарта аламыз.

Қазір елде JCI стандарты бойынша 9 медициналық ұйым жұмыс істейді. Соның басым бөлігі - мемлекеттік. Ал Түркияда олардың саны 40-тан асады. Көбісі - жеке.

Тунзале Гусейнова, қатысушы:

Қазір әлемнің бірқатар елінде кеңсеміз жұмыс істейді. Ал негізгі емдеу орталығы Анкарада. Жылына 20 мыңдай адамға қызмет көрсетеміз. Меніңше, Қазақстанда да медициналық туризімді дамытуға мүмкіндік мол.  

Александра Боцина, қатысушы:

Біздің клиниканың басты қағидаты - тәртіп. Әрине, халықаралық стандарт бойынша жұмыс істейміз. Біз жылдар бойы жинақталған ядролық медицина саласында өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

Көз ауруларын емдейтін ғылыми-зерттеу институт алыс-жақын аймаққа танымал. Кейінгі кезде заманауи технология мен білікті кадрлардың  көмегіне жүгінетіндер көбейген.

Гүлнар Оспанова, дәрігер:

Жылына мыңға жуық науқас келеді. Солардың ішінде Орта Азия елдерінен келетін науқастар көп. Европадан келетіндер бар.

Айта кетейік, инновациялық көрме жұмысы ертең де жалғасады. Білікті дәрігерлер тұрғындарға тегін медицналық кеңес береді.


Бөлісу