Басты Жаңалықтар «Қыздың жолы» телехикаясының түсірілімі аяқталуға жақын

«Қыздың жолы» телехикаясының түсірілімі аяқталуға жақын

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы 100 сериялы «Қыздың жолы» телехикаясын түсірудің соңғы кезеңіне жақын. Анадолыдағы танымал хикаяның желісі бойынша түсірілген жоба отбасылық құндылықтар мен апалы-сіңілі қыздардың өмір жолын көрсетеді. Қазір соңғы эпизодтар таспаланып жатыр, ал шығармашылық ұжым телехикаяның көрерменге ерекше әсер сыйлайтынын айтады. 

Апалы-сіңілілердің тартысқа толы өмірі, отбасыдағы қарым-қатынас, тағдырдың түрлі сынақтары - «Қыздың жолы» сериалының өзегі осы. Сюжет ауқатты отбасының ұлын Іңкәрге мәжбүрлеп үйлендіруінен басталып, Санат, Іңкәр және Майра арасындағы бақыт үшін күреске ұласады.

Шығармашылық ұжым сериалды Алматы қаласы мен Алматы облысында таспалады. Түсірілімге 1 жылға жуық уақыт жұмсаған. Сахналарда 90-нан астам актер өнер көрсетеді. Тағы 10 кейіпкер басты рөлдерді сомдап шықты.

Еңлік Айымғазы, актриса:

Менің кейіпкерімнің аты - Іңкәр Садыққызы. Өзіме ұқсатқан жерім - бәріне кешірімді. Адамзаттың бойынан табыла бермейтін қасиет деп ойлаймын. Қандай қиындық көрсе де, басынан не өткерсе де адамды жазғыруға асықпайды. Кешіруге дайын тұрады.

Сериал Түркияда көрермен ықыласына бөленген хикая негізінде жазылған. Шығармашылық ұжым туынды сценариін анадолылық «Kanal D» ұжымымен бірлесе әзірледі. Алайда, кейіпкерлер арасындағы диалог пен оқиғаның даму желісі қазақы дүниетаным, ұлттық құндылық және қазіргі замандағы мәселелерді қозғайды.

Ильхам Джалилов, бас режиссер:

Бұл жобада түрік киносының сапасы мен қазақ менталитетін үйлестіруге тырыстық. Басты мақсатымыз – телехикаяның түпнұсқасындағы айрықша тұстарды көрерменге сапалы жеткізу. Сериалдың түпнұсқасы 2000 жылдардың басында өрбіген, ал біз оны қазіргі заманға бейімдедік. Сондықтан әр кадр үшін арнайы декорациялар әзірленді.

Түрлі қызықты сәттерге толы «Қыздың жолы» телехикаясы 25 желтоқсаннан бастап көрерменге жол тартады.



Бөлісу