Ресейдің Түмен облысында қазақ мәдениетінің күндері өтті
Ресейдің Түмен облысында қазақ мәдениетінің күндері өтті. Бұл күні ақ дастархан жайылып, қазақтың салт-дәстүрі жаңғыртылды. Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтетін шараға биыл Ресейдің өзге өңірлерінде тұратын қандастар да қатысты.
Түмен облысында «Жас ұрпақ» би тобы құрылды. Онда қазақтың жастары ұлттық мәдени мұрамыздан сыр шертіп, өнер көрсетуде. Мәдениет күндерінде де көркемөнерпаздар көптің көңілінен шықты. Жалпы думанды шарада қазақтың әуезді күйі күмбірлеп, бишілер мың бұрала биледі. Ресейде соңғы екі жылда қазақ ұлттық ансабльдерінің де саны артқан.
Есенғали Ыбраев, Ресей қазақтарының федералды ұлттық-мәдени қауымдастығының төрағасы:
Мәдениет күндерінде өткен жылда атқарылған жұмыстар жайлы айтып, шығармашылық ұжымдар есебін береді. Болашаққа жоспарларымызды айқындаймыз. Биыл Мәдениет күндерінің тақырыбы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Жылдан жылға шараға қатысушылардың саны артып, бірлігіміз нығаюда.
Жалпы Ресейде алты жүз мыңға жуық қазақ тұрады. Ең көп шоғырланған аймақтар Омбы, Астрахань облысы және Түмен. Түмендегі қандастар соңғы бірнеше жылда қазақ тілін оқытып, қандастардың тарапынан ана тіліне қызығушылық артқан. Олар тарихи Отанымызбен байланысты үзгіміз келмейді, дейді. Сондықтан әр облыста қазақ мәдени ұйымы жұмыс істеп тұр.
Асқар Қалиев, Қазақ ұлттық мәдени қауымдастығының мүшесі:
Түмен облысы бойынша жылыны бір рет өтеді. Оның бәрін өткізіп жатқан біздің автономиямыз. Жыл сайын жастарымызға, балаларымызға, немерелерімізге өзіміздің салтымызды, дәстүрімізді үйретіп жатырмыз.
Қазақ мәдениетінің күндері аясында ұлттық қолөнер шеберлері де өз туындыларын қойып, көрме ұйымдастырылды. Ең белсенді қандастарымыз марапатқа ие болды. Шарапаты мол шараны өзге өңірлерде де өткізу жоспарда бар. Ал Түмендегі мәдениет күндері гала концертпен аяқталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы