Банк жүйесін жетілдіруге қатысты заң Сенатқа жолданды
Бір адамның атына 1 сағат ішінде бірнеше несие рәсімдеуге тыйым салынбақ. Сондай-ақ енді кредит алам дегендер банкке келуге міндеттеледі. Қандай жағдайда, талап қандай? Бүгін Мәжілісте банкке қатысты заң жобасы қаралды. Самал Қабышева тарқатып айтады.
Енді банктер де несие беруге ынталы болмақ. Осы мақсатта банктер арасында бәсекелестік артпақ. Қалай дейсіз ғой? Оларға лицензия беру тәртібі өзгереді. Яғни лицензиялардың 2 түрі енгізіледі. Базалық және әмбебап деп аталады. Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев базалық лицензияның халық үшін тиімділігі жоғары екенін айтады. Дамыған елдер осы тәжірибемен жұмыс істейді екен. Ал қазір біздегі банктер әмбебаптық жүйемен жұмыс істейді. Базалық лицензия өңірлерде шағын банктер ашуға мүмкіндік бермек.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Өңірдегі шағын, орта бизнеске жеңілдік болады. Өйткені өңірдегі шағын, орта бизнес несие алғысы келсе, үлкен банктің филиалына барады. Филиал оның бүкіл құжаттарын жинап, орталыққа жібереді. Орталық шешім қабылдайды. ол шешім қабылдаған кезде, ол өңірде шағын,орта бизнес қалай жұмыс істеп жатқанын білмейді. Несие бермеуі де мүмкін.
Енді бірінші рет кредит алатындар банкке келуге міндеттеледі. Яғни бұрынғыдай үйде отырып несие рәсімдей алмайды. Бірінші рет өтініш берсе, банкке келіп биометриялық сәйкестендіруден өтеді. Жеке және заңды тұлғалардың банкроттық тетіктерін жетілдіру, жеке тұлғалардың борыштарын коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторийді 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзарту, несиеге қатысты азаматтарды алаяқтықтан қорғауда жасанды интеллектіні пайдалану сынды маңызды мәселелер заңда қарастырылған. Депутат Нұртай Сабильянов енді несиенің пайыздық үстемеақысына қатысты жұмысты жандандыру керек деп санайды.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Халыққа, бизнеске беріліп жатқан несиенің пайыздық көрсеткішін, жалпы төмендету үшін жұмыстар жүргізілуі керек. Біз көтеріп отырмыз, жалпы мұны заңға енгізіп, заң арқылы жылда бұны түсіріп отыру керек. Өйткені қазіргі кезде ең жоғары жылдық пайыз 46 болып белгіленіп отыр. Олардың пайызы өте жоғары.
Самал Қабышева, тілші:
Енді несие мерзімінен бұрын өтелсе, сақтандыру сыйақысы 5 жұмыс күннің ішінде төленуі тиіс. Сондай-ақ кез келген қазақстандыққа 1 сағат ішінде бірнеше несие рәсімдеуге тыйым салынады. Құжат Сенатқа жолданды. Сенаторлар бірауыздан мақұлдаса, Президентке қол қояға жіберіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы