Елімізде 5 трансшекаралық хаб іске қосылады
Елімізде 5 трансшекаралық хаб іске қосылады. Ауқымды жобалар шикізаттық емес тауар экспортын 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Қазақстанды негізгі көлік-логистикалық торапқа айналдыру Президент тапсырмасы. Бүгінгі Үкімет отырысында осы мәселемен қатар қоқысты өңдеу бағытындағы жұмыстар қаралды.
Самал Қабышева, тілші:
Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев трансшекаралық хабтар бойынша барлық бағытта басқарушы компаниялар анықталғанын, инфрақұрылымдар құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Мәселен, Өзбекстанмен шекарада елдер арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізуге арналған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылуда.
Ал Ақтауда 300 млн долларға жаңа теңіз портын салу жоспарланып отыр. Жоба «Қытай – Қазақстан – Ақтау – Баку – Поти – Еуропа» жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал етпек. Яғни жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25%-ға төмендетуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Қазір инвестор компанияны өңірде тіркеп қойды. Енді тиісті құжаттар дайындап жатыр.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
Бұл хабтарды іске қосу шекара маңындағы мемлекеттермен сауда процестерін едәуір жеделдетуге, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға арттыруға және қазақстандық компаниялар үшін тиімді логистикалық жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2026 жылы 3 қалада қоқыс өңдейтін зауыттар салынады
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе тұрмыстық қалдықтарға қатысты болды. Жыл сайын коммуналдық секторда шамамен 4,5 млн тонна қоқыс жиналады. Алайда оның тек 25–26%-ы ғана қайта өңделеді.
Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:
Осылайша, қалдықтарды басқару саласы өзара байланысты экологиялық, экономикалық және институционалдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы орайда барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді.
Бұл тұжырымдамада қалдық түрлері бойынша заңнаманы бір жүйеге келтіру, өкілеттік пен жауапкершілікті нақты бекіту, күшейту және барлық қалдықты басқару тәртібін жетілдіру көзделген. Үкімет басшысы экологиялық төлемдер жергілікті бюжетке түсіп жатқанын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Алайда өңірлер осы қаражат есебінен экологиялық мәселелерді шешу үшін тиісті жұмыс жүргізбей отыр. Осыған байланысты Экология министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, экологиялық төлемдер есебінен қалдықтарды жинау, қайта өңдеу және кәдеге жарату инфрақұрылымын құру мен қаржыландыру шараларын қабылдауды тапсырамын.
Самал Қабышева, тілші:
Астана, Алматы, Шымкент қоқыс өртейтін зауыттар салынады. Премьер-министр Олжас Бектенов құрылыс жұмыстарын келер жылдан қалдырмай бастауды тапсырды. Бұл инвестициялық жобалардың жалпы құны – 298 млрд тг. Ал құрылыс жұмыстары екі жылға жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы