Басты Жаңалықтар «Менің ағаларым» кітабы таныстырылды

«Менің ағаларым» кітабы таныстырылды

Алматыда Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» кітабы таныстырылды. Туындыда түрлі салаларда еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан заңғар тұлғалардың өмір жолы баяндалған. Зиялы қауым «Кітап қазақ руханиятының өркендеуіне септігін тигізген қайраткерлердің жаңа қырын аша түседі», – деп отыр.

20 жылдық еңбектің жемісі - «Менің ағаларым» кітабы. Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұхтар Құл-Мұхаммед 2005 жылдан бері қазақ қайраткерлеріне арнап жазған эсселерін бір жинаққа тоғыстырды. Оқырман әр тарихи тұлғаның болмысына үңіліп, көпшілік біле бермейтін қырын терең тани түседі.

Нұрғали Ораз, жазушы:

Мұхаңның эсселері – сондай биік деңгейде. Бір жағынан жастарға, келешек ұрпаққа беретін үлгі-өнегесі мол. Өйткені, сыйластықтан артық қасиет жоқ. Үлкенді сыйлау, ағалардың қадірін дер кезінде білу, оларды бағалау осы кітапта анық байқалады.

Кітапта ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында елі үшін еңбегі сіңген тарихи тұлғалар көрсетілген. Олардың арасында ғылым мен мәдениет өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ халық қаһармандары да бар. Автор әр тұлғаның ғұмырбаянын тарихи деректер мен нақты құжаттар арқылы дәйектейді.

Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы:

Бұл –  ХХ ғасырдың  тарихын түгел баяндап беретін кітап. Яғни, Алаш арыстарынан бастап, бұл кітаптың оқиғасы 1901-2025 пен аяқталады. Яғни, қазақтың 125 жылдық тарихы кітаптың ішіне баяндалған.

Тұсаукесерде сөз алған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Мұхтар Құл-Мұхаммед бір ғана еңбегі арқылы елге өнеге болар он бес тұлғаның шамшырағын қатар жаққанын атап өтті.

Бөлісу