«Батыр» Президенттік полкіне жас сарбаздар қабылданды
Астана мен Алматыда 300-ге жуық жас сарбаз ант беріп, ел қорғаушысы атанды. Олар Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдерінде қызмет етеді. Әскери дағдыларға үйреніп, Отан алдындағы борышын өтейді. Бүгін жас жауынгерлерді жақындары шығарып салып, абыройлы қызметтеріне ақ жол тіледі.
Сап түзеген жалынды жастар, перзентіне ақ жол тілеген ата-ана. Жас сарбаздар 40 күн бойы жауынгерлік шеберлікке машықтанып, әскери өмірге қадам басады. Олардың арасында Ақжол Аблахатов та бар. Жас жауынгер ғұмырын әскери салаға арнауға ниетті.
Ақжол Аблахатов, сарбаз:
Бүгін – ерекше күн. Себебі, біз бүгін жанымыздағы қарулас бауырларымызбен бірге әскери ант қабылдап жатырмыз. Бұл әрбір мерзімді әскердің үлкен өмірге қадам басуы деп білемін. Мен әскерден соң келісім шартпен әскери қызметте қалғым келеді.
Ақжол секілді үш жүзге жуық жас сарбаз
Мемлекеттік күзет қызметі сапына қосылды. Олар бір жыл бойы стратегиялық
ойлауын дамытып, дене даярлығын шыңдайды. Сондай-ақ төзім, тәртіп және
жауапкершілік секілді қасиеттерін қалыптастырады.
Мемлекеттік күзет қызметі әскерлерінің қатарына қосылу – жастар үшін үлкен мәртебе. Себебі, сарбаздар еліміздің барлық өңірінен қатаң іріктеуден өтіп, қабылданады. Физикалық күші мықты, психологиялық төзімді, бойы 180 сантиметрден жоғары болуы шарт. Әсіресе, жоғары білімді, спорттық жетістіктері бар жастарға басымдық беріледі.
Александр Шуликин, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің офицері:
Құрмет қарауыл ротасы – бұл ел Президентінің қатысуымен өтетін барлық іс-шараларды қамтамасыз ететін әскери құрылым. Және де шетелден келетін делегациялар басқа мемлекеттің президенттерін қарсы алады. Екінші басқарма - бұл күзетілетін обьектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөлімше. Яғни, сондай тапсырмаларды атқарады.
Мерзімді қызметін аяқтағандар келісімшарт негізінде әскери қызметті жалғастыра алады. Кейін олар арнаулы мемлекеттік органның қызметкері не офицері ретінде жұмыс істеуі мүмкін. Сондай-ақ мерзімді қызмет сарбаздарын қолдау үшін арнайы бағдарламалар да жұмыс істейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы