Басты Жаңалықтар Қояндыға табиғи газ берілді

Қояндыға табиғи газ берілді

Астана іргесіндегі Қоянды ауылына табиғи газ берілді. 21 мыңнан астам халқы бар елдімекен үшін от жағу, отын жару, көмір тасу машақаты артта қалды. Ал қауіпсіздік басты назарда. Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін дрон табиғи газдың ақауын анықтайды. Халықтың қуанышын Самал Қабышева жеткізеді.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Көгілдір газ Президенттің бағдарламасымен көптен күткен Қоянды ауылына да жетті. Ауылға газ келді, құтты болсын, ағайын!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов халықтың қуанышымен осылай бөлісті. Газ тетігін өзі бұрап, ауылға жылу кіргізді. Табиғи газға алғашқылардың бірі болып қол жеткізген тұрғын Ардақ Әбішева.

Ардақ Әбішева, Қоянды ауылының тұрғыны:

Бүгінгі күнге дейін көмір, от жағып келдік. Ақтүйенің қарны жарылған күн. Ауылға, тұрғындарға бәріне жылулық сыйласын.

Тағы бір жаңалық. Енді осы дрондар Қояндыдағы газ құбырларының қауіпсіздігін бақылайды. Қандай да бір ақау шықса бірден анықтайды. Дрон - жасанды интелектінің көмегімен жұмыс істейді.

Уәлихан Қымбатов, «Qazaqgaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры:

Қоянды ауылында 5 мың үйдің газға қолы жетті. Жекеменшік куәлігі, жердің куәлігі, техпаспорт, жоба эскизі. Осы 4 құжат болса, біз газға қосуға дайынбыз.

Биыл Ақмола облысында Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдарына және Қосшы қаласына газ берілді. Келер жылы Қызылсуат, Қаражар, Қараөткел ауылдарында газдандыру жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. Газға қосылу үшін әлеуметтік осал топтарға  20%-ке дейін жеңілдік қарастырылған. 


Бөлісу