Тоғызқұмалақ олимпиада ойындарының қатарына енуі мүмкін
Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ пара, сурдо олимпиада ойындарының қатарына енуі мүмкін. Бұл туралы Алматыда басталған Әлем чемпионатында айтылды. Жасөспірімдер арасындағы дүбірлі додаға 20 мемлекеттен 200-ге жуық спортшы келген. Ұлттық спортымызға әлем елдерінің қызығушылығы қалай?
Ақыл-ой, есеп-қисаптағы шапшаңдық. Әлемнің 20 елінен келген оқушылар блиц, рапид және классикалық ойындарда бақ сынап жатыр. Зияткерлер жарысында ел намысын қорғайтындардың бірі – Аяна Абай.
Аяна Абай, спортшы:
Мен осы жарысқа 7 ай дайындалдым. Жарыстағы қарсыластарым Румыния, Түркия, Қырғызстан елдерінің спортшылары. Олардың ойнау стилін зерттедім. Әр ойыншы жоғарғы деңгейде ойын көрсетуде. Мен үшін ең мықты қарсылас - Қырғызстан спортшысы. Мен ол ойыншыларды ұтып, чемпион атанамын деген ойдамын.
Сайысқа Румыниядан 8 спортшы келген. Еуропалық ұжымның жетекшісі – Клаудия Балинт өз елінде қазақтың ұлттық спорт ойындары қарқынды дамып келе жатқанын айтады. 20 мыңға жуық оқушы асық, жебе атумен шұғылданады. Әсіресе тоғызқұмалаққа қызығушылық өте жоғары.
Клаудия Балинт, тоғызқұмалақтан Румыния командасының жетекшісі:
Келесі жылы біз Румынияда тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатын ұйымдастырамыз. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Дайындықты қазірден бастап кеттік. Тоғызқұмалақтың Қазақстанда даму жолын үлгі етіп алдық. Қазір мектептер мен жоғарғы оқу орындарында осы спортты кеңінен насихаттаймыз.
Бүгінде әлемнің 10 елінде тоғызқұмалақ федерациясы құрылған. Ал 100-ге жуық мемлекетте бұл ойынды онлайн платформаларда ойнайды. «Ендігі меже – ұлттық ойынды пара, сурдо олимпиадалық ойындардың қатарына қосу», - дейді федерация президенті.
Әкім Тұрсын, республикалық «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті:
Сурдо, пара олимпиадалар ойындарына қосу барысында бізге оның бір талабы болады. Сондай-ақ ол жақтағы ойыншылардың саны. Осындай Әлем чемпионаттар деңгейінің саны барлығы талаптарға сай болуы керек.
Федерацияның мәліметінше, тоғызқұмалақты пара, сурдо олимпиада ойындарының қатарына қосу үшін бірнеше кезеңнен өтуі керек. Қазір ұлттық ойынды олимпиада бағдарламасына енгізу жұмыстары басталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы