Қазақстан мен Ресей университеттері арасында әріптестік артып келеді
Қазақстанда Ресей университеттерінің тоғыз филиалы табысты жұмыс істеуде. Онда төрт мыңға жуық студент білім алады. Екі тарап алдағы уақытта бұл салада әріптестікті нығайтпақ. Ресейлік жоғары оқу орындары да Қазақстаннан келген студенттер үшін квота санын ұлғайтуға мүдделі.
Ресейде биыл Қазақстан университетінің алғашқы өкілдігі жұмысын бастады. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің негізінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы бакалавриат бағдарламасымен студенттерге білім беруде. Болашақта магистратура және докторантура бойынша да бағдарламалар ашылмақ.
Торғын Әшенова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Омбы қалалық филиалы директорының орынбасары:
Филиал алғаш рет студенттерді қабылдады. Биыл 50 адам бюджеттік негізде, 20 адам ақылы бөлімге оқуға қабылданды. Студенттер «халықаралық құқық», «кеден ісі» және «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Келер жылы біздің филиалдан білім алғысы келетін жастардың саны артады деп ойлаймыз.
Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындары арасында 1500-ге жуық келісімшарт бар. Олардың негізінде ірі ғылыми жобаларды да жүзеге асыруға болады.
Юлия Шестова, Мурманск Арктикалық университетінің халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі:
Біз қазақстандық студенттердің санын арттыруды көздеп отырмыз. Оларды Қазақстандағы нарықта сұраныс жоғары мамандықтар бойынша оқытудамыз. Алда қазақстандық жоғары оқу орындарымен ортақ бағдарламаларды жүзеге асырғымыз келеді.
Мария Князева, Мурманск Арктикалық университеті ректорының м.а.:
Әсіресе біз минералды тыңайтқыштар, теңізді зерттеу, теңіздің тартылуы мәселелерін зерттеу бағытында Қазақстанның жоғары оқу орындарымен, мамандарымен бірлесе жобаларды жүзеге асырмақпыз. Бұл екі елге де ортақ мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Ресейлік жоғары оқу орындары оқытушылар арасында тәжірибе алмасу мәселесіне де баса назар аударып отыр. Бұл жоба әсіресе шекаралас өңірдегі мамандар үшін қолайлы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы