Басты Жаңалықтар 1 млн 278 мың адамнан ЖРВИ анықталды

1 млн 278 мың адамнан ЖРВИ анықталды

«Баланы жөтел қысып, ыстығы түспей тұр». Соңғы аптада ата-аналар осылай деп дабыл қағуда. Тіпті, кейбір аймақта «ауруханада орын тапшы деген» бейнежазбалар тарап жатыр. Алайда, министрлік мұны жоққа шығарып отыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды тілшіміз баяндайды.

Эпидмаусым басталғалы Астанағы №3-ші көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жүгінген ата-аналар аз емес. Бұған дейін емдеу орны күніне 200-дей балаға ем-дом шарасын жүргізсе, жексенбі күні олардың саны 550-ге жеткен. Соның 30 пайызы ауруханаға жатқызылған.

Роза өтегенова, №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары:

Біздің ауруханамызда №3-ші 282 орындық аурухана. Бүгінгі күні 453 төсек орынға дейін ұлғайттық. 421-і жатыр. Біз науқастар саны көбейген кезде, қосымша керуеттер қойып, науқастарға дайындаймыз.

Биыл тұмау жылдағыдан ерте басталған. Алғашқы дерек қазан айында тіркелген. «А» типіндегі тұмаудың 304-і зертханалық жолмен расталған.«Температура түспейді. Баланың бойында әлсіздік бар». Аурухана жағалап жүрген ата-аналардың айтар уәжі осындай.  Тіпті, кейбірі үйішімен ауырып шыққан.

Ал қыркүйектен бастап елде жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 1  млн 278 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Науқастардың шамамен 66 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар, көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 19%-ға төмен дейді. Эпидмаусым қарсаңында стационарларында 7738 инфекциялық төсек орын дайындалған.

Сархат Бейсенова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

Қосымша 922 төсек орны дайын отыр. Резервте 1409 төсек орындар бар. Күн сайын оны қарап отырамыз. Егер аурушаңдықтың одан әрі өсуі болған жағдайда науқастарды жатқызу үшін жеткілікті төсек орын дайындалады. Қазіргі таңда БҚО, Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыстарында 89-90 пайыз орын алып тұр.

Жалпы, жыл сайын жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 4 млн, ал тұмаудың 2 мыңдай жағдайы тіркеледі. Эпидемиологтар сондықтан қазіргі ахуал күзгі-қысқы мезгілге тән екенін айтады.

Бөлісу