Оңай табыс жасөспірімдерді қылмысқа итермелеп жатыр
Қостанайлық жасөспірімдер интернет арқылы жұмыс істейміз деп, алаяқтардың құрығына түскен. 13-14 жастағы жеткіншектер тұрғындарға SIM-карталарды қосып, оларды қаскөйлерге пайдалануға берген. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заңгерлер мұндай жағдайлардың жиілегенін айтып, дабыл қағуда. Қылмыстың жазасы қандай? Мамандар ата-аналарға қандай кеңес береді? Толығырақ сюжеттен көріңіз.
Әлеуметтік желілерде оңай табыс табуға шақыратын жарнама қаптап тұр. Жұмыс берушілер адамның жасын да, құжатын да сұрамайды. Бастысы - тапсырманы орындаса жеткілікті. Мұндай кәсіптің күмәнді екені анық. Алайда осындай ұсыныстарға қызығушылардың қатары күн санап артып жатыр.
Жыл басынан бері елімізде 23 мыңнан астам интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Ең сорақысы мұндай қылмыстарға жасөспірімдер де ілігіп жатыр. Мамандар мұны бала психологиясымен байланыстырады. Кейбір жеткіншектер оңай олжаға кенелгісі келіп, шалыс басады. Психолог Алина Нұрланова мұндай жағдайдың алдын алу үшін бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуді ұсынады.
Алина Нұрланова, психолог:
Балаға қаржылық сауаттылықты үйрету және ақша табу маңызды емес екенін. Қазіргі таңда балаға оқу және білім алу маңызды. Ол біздің фундаментті білімді алып дұрыстап, реттеп алса соны ары қарай өмірлік кезеңде өзінің тәжірибесі арқылы ол ақшаның келетінін үйрету, айту. Балаға ақшаның адал жолмен табылатынын түсіндіру керек.
Кәмелет жасына толмаған жеткіншектер үшін ата-анасы жауапты. Егер бала интернет алаяқтыққа тап болса, ата-анасына 15 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Бала да заң алдында жауапты. 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал егер топтасып жасалған аса ауыр қылмыс болса, 14 жастан-ақ сот алдында жауап береді. Кінәсі дәлелденсе, 2 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шахризада Мәдіхан, заңгер:
Алаяқтық мәселесі бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес арнайы жауаптылық міндетті түрде болады. Сондай-ақ интернет алаяқтық бойынша ауырлататын мән-жайлар бар. Яғни, интернет алаяқтық ерекше деңгейде қаралады. Дегенмен, кәмелетке толмаған азаматтың қандай да бір қылмыс жасауындағы ниеті ескеріледі. Егер абайсызда жасалған болса қылмыстық жауаптылық төмен деңгейде қарастырылады.
Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу ең алдымен отбасы тәрбиесінен басталады деп отыр. Балаға ерте жастан қаржылық және құқықтық сауаттылықты үйрету маңызды. Заңгерлер балалардың интернеттегі қадамын бақылап, бейтаныс адамдардан немесе күмәнді табыс көздерінен аулақ болуға шақырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы