Алматыда мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті
Алматыда мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті. 400-ден астам тұрғын көкейінде жүрген сауалдарына жауап алып, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізді. Сондай-ақ мамандар цифрлық сервистерді қолдану ережесін түсіндірді.
Жансая Өркенбаева – жәрмеңке жайлы естіп, асыға келгендердің бірі. Себебі бауырынан созылмалы өкпе ауруы анықталған. Қазір қажетті дәрі-дәрмегін ішіп жүр. Алайда ауруханада ем алмаса, дерті асқынып кетуі мүмкін. Келіншек мамандардан МӘМС жүйесі арқылы ем алу тәртібін сұрады.
Жансая Өркенбаева, Алматы тұрғыны:
Барлығы болады. Тегін дәрілермен қамтамасыз етеді, КТ-ға барлық медициналық сараптамалардың барлығы тегін. Қаралуға болады деп айтты.
Ал Аңса Ерболқызы мектепте жұмыс істейді. Ол еңбек ететін оқу орнының көше атауы өзгерген. Сол себепті 2017 жылы әзірленген санитарлық-эпидемиологиялық құжаты жарамсыз болып қалды. Ұстаз мәселенің шешімін іздеп, мамандардан кеңес алды.
Аңса Ерболқызы, мұғалім:
2017 жылы лицензия алған кезде СЭС құжатындағы қате мәлімет үшін бізге қайтадан жаңартылған рұқсат қағазын алу керек екенін білдім.
Жәрмеңкеде 400-ден астам тұрғын өз сұрақтарына жауап тапты. Оларға 20-ға жуық мемлекеттік мекеме 200-ден астам қызмет түрін ұсынды. Сондай-ақ мамандар заңнамадағы өзгерістер мен цифрлық сервистердің тиімділігін түсіндірді.
Нұржан Болатбекұлы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары:
Ең бірінші халықтың уақытын үнемдейді. Қолжетімділігі артады. Биыл Алматыда 15 млн-ға жуық қызмет көрсетілген. Оның 92 пайызы электрондық түрде көрсетілген. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – осы қызметтерді электронды түрде алу мүмкіндігін түсіндіру.
Жәрмеңкеге келушілердің көбі тұрғын үй, ипотека және несие рәсімдеуге қатысты сұрақтарын қойды. Сондай-ақ өсімпұл мен айыппұл төлеу тәртібін білгісі келгендер де бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы