Басты Жаңалықтар Алматыда электротакси саны көбейеді

Алматыда электротакси саны көбейеді

Келесі жылдан бастап Алматыда тұрғындарды тасымалдайтын электротакси саны көбеюі мүмкін. Бұл – түтіннен көз ашпайтын мегаполис үшін экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған қадам. Бүгінге дейін 4 мыңнан астам электрокөлік 100 мыңға жуық тапсырыс орындаған. Ендігі меже – осы көрсеткішті ұлғайту. Такси қызметіндегі өзге де мәселелер арнайы форум кезінде талқыланды. 

Алматылықтардың такси қызметіне пікірі осындай. Көлік қозғалысы қызып, күн райы күрт бұзылса, баға да шарықтай түседі. Қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасына да шағым бар. Таксопарк өкілдері бұл мәселені шешу үшін бірнеше жоба қарастырып жатырмыз дейді.

Руслан Саитов, онлайн такси компаниясының директор орынбасары:

Жүргізушілер жетпей жатады. Баға сұранысқа сай қойылады. Такси қауіпсіздігі үшін жыл сайын шамамен 1 млрд теңге инвестиция салынады. Технологияны дамыту мақсатында жүргізушінің шаршауын, көлік жылдамдығын және бағыттан ауытқуын бақылайтын жүйелер енгізілген. Мұның бәрі жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған. Шағымға қарай жұмысты жетілдіре береміз.

Бүгінде елімізде 500-ге жуық таксопарк жұмыс істейді. Онда 200 мыңнан аса адам еңбек етіп жүр. Келер жылдан бастап қосымшалар мен интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері жеке тұлға ретінде саналады.

Әсет Нұрпейісов, Қаржылық технологиялар компаниясының бас директоры:

Келер жылы таксистер мен курьерлердің жеке кәсіпкерлігі болуы қажет емес. Олар жеке тұлға ретінде жұмыс істеуіне болады. 4 пайыз салық төлеп, ешқандай есеп-қисап, чекті жасамайды.

Сондай-ақ жиында электромобильдердің үлесін арттыру мәселесі де сөз болды. Бұл ең алдымен таксопарктер үшін тиімді. Себебі заманауи темір тұлпарды күтіп-баптау және қуаттау дәстүрлі көліктерге қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Әрі қала экологиясына да оң әсерін тигізеді дейді сала мамандары.

Мейрамбек Әбілқасов, ҚР Таксопарктер мен курьерлік қызметтер қауымдастығының төрағасы:

Бұл – Алматы үшін өзекті мәселе. Такси жүргізушілері күніне орта есеппен 8-9 сағат, кейде екі адам бір көлікті алма-кезек айдағанда 20 сағатқа дейін жолда болады. Сондықтан электромобильдердің санын арттырып, осылайша көліктен шығатын зиянды заттардың мөлшерін азайта аламыз.

Осы мақсатта электротаксилерге жасыл нөмір беру және автобус жолағында еркін қозғалу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мамандар бұл бастама саланың дамуына ықпал етеді деп отыр.


Бөлісу