Басты Жаңалықтар Астанада көлік дөңгелегін ауыстыру құны қанша?

Астанада көлік дөңгелегін ауыстыру құны қанша?

Астанаға да алғашқы қар түсті. Көктайғақтың кесірінен бүгін 100-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал кешелі бері дөңгелек ауыстыру орталықтарының кәсібі қызған. Сұраныс бар, бағада да жоғары. Соған қарамастан таңға дейін кезек күткендер бар.

Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:

Алғашқы қар астаналық жүргізушілерді сарсаңға салған сияқты. Өйткені кешелі-бері көлік жөндеу орындарында ұзын-сонар кезек. Сондықтан кейбір орталықтар таңға дейін жұмыс істеген көрінеді.

Олжас Әлізақ, кәсіпкер:

Кешкі сағат 7-ден қар жауғаннан бастап таңғы сағат 7-ге дейін 50 көліктің дөңгелегін ауыстырдық. Қазір 20 көліктей тұр. Бізде 3 адам жұмыс істейді. Бір көлікті тез бітіруге әрекет жасаймыз.

Көлігі бар көпшіліктің бүгінгі шаруасы шиномонтаж орталығынан басталды. Бәрі де қыр астындағы қысқа қамданып жатыр. Осылайша қарашада жауған қар жүргізушілерді әп-сәтте тәртіпке түсірді.

Дөңгелек ауыстыру бағасы көлеміне қарай өзгереді. Қызмет алушылар күрт көбейген соң біршама қымбаттаған. Мәселен, бұған дейін ең арзаны 6 мың теңге болса, қазір 7 мың теңге жетті. Айта кету керек, қызмет құны әр орталықта әртүрлі.

Айдын Оразбаев, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:

Жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын және қалааралық жолдарға шығатын жүргізушілерге айтарымыз: жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтаңыздар.

Көктайғақтың кесірінен таңертеңнен бері Астана қаласының өзінде 100-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Құзырлы орган соның басым бөлігі қысқа дайындықтың жоқтығынан дейді. Ал қар тазалау жұмыстарына 900-ге жуық арнайы техника мен 2,5 мыңға тарта жол жұмысшы тартылған.

Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:

1 желтоқсаннан бастап темір тұлпар иелері қысқы шинамен жүруге міндетті. Бұл талап ескерілмесе, айыппұл салынады.


Бөлісу