Алматыда зілзаланы ескерту мекемесінің басшылары сотталды
Алматыда жер сілкінісі туралы ескерту жүйесінің іске қосылмауына кінәлі тұлғаларға сот үкімі шықты. Тұтас жұртты дүрліктірген жағдай былтыр 23 қаңтар күні болған. Прокуратураның мәліметінше, жер сілкінісі кезінде автоматтандырылған ерте ескерту жүйесі іске қосылмай, халық уақытылы хабарландырылмаған. Тексеру барысында Төтенше жағдайлар департаменті қызметінде аталған жүйені сатып алу барасында бюджет қаражатын жымқыру белгілері анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Кейін белгілі болғандай, TNS-INTEC мекемесінің директоры сапасыз құрылғыларды жеткізіп, орындалған жұмыстардың жалған актісін рәсімдеген. Осылайша аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырған. Алматы гарнизонының әскери соты аталған іс бойынша айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларды бас бостандығынан және мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу құқығынан айырды.
Райымбек Шәріпбаев, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі:
Жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқаны үшін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сонымен бірге жеткізілген жабдықтың сапасы мен сәйкестігіне тиісті бақылау жүргізбеген авторлық және техникалық қадағалау өкілдері қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы