Басты Жаңалықтар Ресейдің Псков облысында оннан астам қазақ жауынгерінің сүйегі табылған

Ресейдің Псков облысында оннан астам қазақ жауынгерінің сүйегі табылған

Ресейдің Псков облысы, Невель қаласында оннан астам қазақ жауынгерінің сүйегі табылған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан жауынгерлерді іздестіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Қазақстан мен Ресейдің іздестіру топтары бірлесе жұмыс істеп жатыр.

Ресейдің Невель қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көптеген жауынгер қаза болып, сүйегі әлі табылмаған. Сұрапыл соғыста Алматыдан келген 100 және 101 атқыштар бригадасының да жауынгерлері осы жерде жан тапсырған.

Иван Малахов, «Гвоздика» іздеу отряды командирінің орынбасары:

Соңғы жауынгердің сүйегін тауып, құрметпен жерлегенше дейін жұмысты тоқтатпаймыз. Іздестіру жұмыстарына жастарды да тартып жатырмыз. Қазақстаннан да әріптестеріміз бізге көмектесуде. Мысалы «Майдан жолы» іздестіру тобы да көп үлес қосуда.

Соғыс кезінде мұндағы дивизиялар атыс кезінде әр шайқаста жеке құрамның 70%-на дейін айырылды. Олардың ішінде қазақстандықтар да бар. Бүгінгі күні Псков жерінде Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Әбілқайыр Баймолдин, Ибраим Сүлейменов сияқты батырларымыздың ерлігі ұлықталып, ескерткіш тақтайшалар орнатылған.

Михаил Качанов, Псков облысының тұрғыны:

Мен осы жерде туып, өстім. Дәл осы, яғни жауынгерлер қаза болған алаңдарға алпыс жыл бұрын да келуші едім. Барлығы есімде. Біз қазақ жауынгерлерінің ерлігін ешқашан ұмытқан емеспіз. Қазір де іздеу жұмыстарына үлесімізді қосқымыз келеді.

Іздестіру жұмыстары Великие Луки қаласында да жалғасты. Іздестіру топтары келесі жылы арнайы сайт әзірлемек. Сол жерде табылған жауынгерлер мен хабар-ошарсыз кеткендер туралы да ақпарат табуға болады.


Бөлісу