Басты Жаңалықтар Үстел теннисінен Президент кубогына арналған халықаралық турнир мәресіне жетті

Үстел теннисінен Президент кубогына арналған халықаралық турнир мәресіне жетті

Астанада үстел теннисінен Президент кубогына арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Алғаш рет ұйымдастырылған жарыстың жүлде қоры - 115 000 доллар. Бес күнге созылған бәсекеде елімізбен қатар, 14 елден 300-ден аса спортшы қатысты. Олар жекелей және командалық есепте өнер көрсетті. 11 жасқа дейінгі ұлдар арасында қазақстандық Рамазан Рауанұлы, қыздардан Шохина Миркодирова топ жарды.
Шохина Миркодирова, жарыс жеңімпазы: 

Мен үстел теннисімен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Бүгінгі жарыс жақсы болды. Келешектегі арманым олимпиадаға, Азияға, Әлем Чемпионатына шығу.
Ал, жасөспірімдер ішінде Әліби Шоманов пен Мария Лукьянова үздік атанды. Ал, 17 жастан жоғары спортшылардан Владимир Сидоренко мен Элизабет Абраамян қарсылас шақ келтірмеді. Жалпыкомандалық есепте Ресей Федерациясының құрамасы жеңіске жетті. Сондай-ақ турнирде үстел теннисінің әлемдік жұлдыздары Сюй Синь, Фан Бо, Вернер Шлагер және Джу Се Хёк шоу-матч өткізді.
Вернер Шлагер, Еуропа чемпионатының жүлдегері:
Бұл өте тамаша турнир болды. «Nomad» командасының ұйымдастыру деңгейі өте-өте жоғары болды. Егер сіз ойындарды көрсеңіз, мұнда жоғары деңгейлі ойыншылардың қатысқанын байқауға болады.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:
Бүгінгі жарыс ірі жарыстардың алдында дайындық ретінде өткізіліп жатыр деп айтуға болады. Себебі, 2027 жылы елімізде Астанада үстел теннисінен Әлем чемпионаты өткізілейін деп жатыр. 

Бөлісу