Басты Жаңалықтар Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл

Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл

Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. 18 жыл ғана өмір сүрсе де қазақ қызының батылдығы мен қайсар рухын бүкіл әлемге паш етіп кетті. Ресейдің Псков және Санкт-Петербург қалаларында батыр қызды еске алу шаралары өтті.

Әлия Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданында дүниеге келген. 1935 жылы отбасымен бірге Мәскеуге, содан кейін Ленинградқа көшті. 1942 жылы ол 22-ші армияның 54-ші жеке атқыштар бригадасында, 2-ші Балтық флотында майданға аттанды. 1944 жылы Псков облысы, Новосокольник ауданын азат ету кезінде ерлікпен қаза тапты.

Дмитрий Мохно, Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы бас консулы:

Қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың ерлігіне тағзым ету үшін келдік. Ол Псков жерін азат етуде жанқиярлықпен қаза тапқан. Біз бұны жадымызда сақтап қалу үшін баса көңіл бөлеміз. Алдағы уақытта да оның қаһармандығын ұмытпау үшін барымызды саламыз.

Мәскеу, Псков және Санкт-Петербург қалаларында Әлия Молдағұлованың ескерткіштері орнатылған. Енді Псков облысында жаңадан ашылған аллеяда қазақтың батыр қызының есімі жазылған тақтайша да бар. Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Санкт-Петербург қаласында да Әлия Молдағұлованы еске алу шарасы өтті, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Дәурен Абаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі:
Әлия Молдағұлова ерліктің озық үлгісін көрсетті. Жаумен соғыста қайсарлық танытты. Оның есімімен қазақстандықтармен қатар ресейліктер де мақтанады. Өйткені ол Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әлияның және оның замандастарының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Біздің міндетіміз – оны сақтау, құрметтеу.

Кеңес Одағының батырының 100 жылдығына орай өткізілген шараға Қазақстаннан, туған жері Ақтөбе облысынан арнайы делегация келді.


Бөлісу