Басты Жаңалықтар Мәдениет және ақпарат саласы үздіктеріне мемлекеттік награда табысталды

Мәдениет және ақпарат саласы үздіктеріне мемлекеттік награда табысталды

Республика күніне орай Алматыда мәдениет, өнер және медиа саласының 61 қайраткеріне мемлекеттік награда табысталды. Марапаттау салтанатына қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ел үшін айтулы мереке – Республика күнімен құттықтады. Ең жоғары марапаттардың бірі –  IІ дәрежелі «Барыс» орденімен күйші, композитор Шәміл Әбілтай, режиссер Болат Қалымбетов, күллі қазаққа Иран-Ғайып есімімен танылған ақын Иранбек Оразбаев марапатталды. Ал 26 жылдан кейін қайта жаңғырған «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы актрисалар Гүлжамал Қазақбаева мен Рахилям Машуроваға берілді. Сондай-ақ еңбегі сіңген  мәдениет қайраткерлеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы мен «Парасат» Және «Құрмет» ордендері табысталды.

Министрдің мәліметінше, биылдың өзінде мәдениет және ақпарат саласының мамандарына 350-ге жуық мемлекеттік награда берілген. Оның 158-і Республика күніне орай табысталған. «Президенттің еңбегіміз бен өнерімізді жоғары бағалағанына ризамыз», - дейді марапат иегерлері. Сый-құрметке ие болғандар – ұлт игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосқан талантты тұлғалар.

Шәміл Әбілтай, Күйші, композитор, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері:

Биыл марапат алғандар – бақытты жандар. Бұл бір тарихи күн болды. Мәдениетіміздің, рухымыздың өркендеуіне үлес қосқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен рахмет айтқым келеді.

Гүлжамал Қазақбаева, Актриса, «Қазақстанның Халық әртісі» атағының иегері:

Өнер үшін біз сахнаны еш уақытта еш нәрсеге айырбастай алмаймыз. Осындай еңбегіңнің бір бағаланғаны әртіс үшін үлкен қуаныш.
Бөлісу