Басты Жаңалықтар Меркі ауылының тұрғыны 500 қойын 20 мың басқа жеткізді

Меркі ауылының тұрғыны 500 қойын 20 мың басқа жеткізді

Жамбыл облысы, Меркі ауылының тұрғыны қорасындағы 500 қойын 20 мың басқа  жеткізіп отыр. Сөйтіп кәсібін бастапқыда 1 отардан бастаған шопан бүгінде 26 отар қой жаяды. Бізді табанды еңбегімен таңқалдырған кейіпкердің есімі Берік Егембердиев. Зейнеткер «Еділбай» тұқымды қой өсіріп, оның етін шетелдерге де шығарады. Ұсақ мал ұстап қана қоймай, сиыр мен жылқы да жусатады. Бүгінде 60-тан асқан Берік Егембердиев қой шаруашылығын 43 жасында қолға алған. Әке жолын қуу үшін құқық қорғау саласындағы қызметін тастап, ауданнан ауылға келеді. Сөйтіп 19 жыл бойы мал соңында жүреді. Кәсібін 500 қойдан бастап, бүгінде 20 мың басқа жеткізіп отыр. Мың сиыры мен 500 жылқысы тағы бар.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мына ен даланың төсінде Еділбай қойы еркін жайылып жүр. Қазақтың төл тұқымы қақаған қысқа төтеп береді, шілденің шіліңгіріне де төзімді. Сондықтан кәсіпкер бабымен бағып, еңбектің арқасында ет бағытындағы малды бір отардан 26 отарға жеткізіп отыр.

Кәсіпкер малды мемлекет қолдауынсыз көбейту мүмкін емес дейді.  Сондықтан былтыр «Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесімен» 1 млрд теңге несие алып, оған 10 мың бас асылтұқымды Еділбай қойын әкелген. Ал 10 жылға берілген 2,5%-дық несие тиімді, екі жыл ештеңе төлемейді. Сосын жылына бір рет 140 млн теңгеден төлейді.

Берік Егембердиев, кәсіпкер:

Мемлекетке, Мемлекет басшысына  алғысым шексіз. Себебі осындай мүмкіндік беріп жатыр. Осындай жерге ие болып тұрып, мал бақпағанымыз жарамайды. Мына малды өлең айтып жүріп, қуанып жүріп, санын көбейтіп, сапасын жақсартып, сол шетелге жіберсек дұрыс болады. Қазақ байыса мен ойлаймын малмен баюымыз керек.

Қазір отар-отар қойы 250 шақырым аралықта жайылып жүр. Басы таудан түссе, соңы құмға құлаған. Әр 20 шақырым сайын малшылар аялдайтын ферма салып тастаған. Шопандары бір жарым миллион теңге айлық алады.

Екпін Мәукен, шопан:

41 шөпті жейтін осы қой ғой, дұрыс баға алсаң. Әлгі «41 шөптің басы едің» деген қазақи мал далада жайылған дәрі ғой былай айтқанда. Мал баққаннан қиналыс жоқ. Қой жайғанды жақсы көрем.  «Ат ұстап өл» деген қазақ. Атқа мінсем бір сортты әулие болып кетемін.

30 мың гектар жерге мал өрген кәсіпкер ет комбинатын да ашқан. Яғни өзі баққан малды өзі сояды. Жылына 8 мың тонна ет өңдеп, шетелге де шығарады. Айта кетейік, бүгінде Жамбыл жерінде 3 жарым млн-ға жуық қой бар. Биыл ұсақ мал 9%-ға көбейген.

Бөлісу