Алматының Медеу ауданында «Келешек мектеп» ашылды
Республика күні қарсаңында Алматының Медеу ауданында жаңа білім ошағы ашылды. Оқу ордасы 2 мың балаға шақталған. Кабинеттері замануи жабдықтармен қамтылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған нысанның ашылуына аудан тұрғындары дән риза.
Мектептің ашылу салтанатына орай көптен күткен алғашқы қоңырау соғылды. Оқушылар су жаңа ғимаратта білім алуға асық. Бұл сәтті әсіресе Ерқанат Қуатбекұлы тағатсыздана күтті. Себебі оның 3 перзенті оқыған мектепте орын тапшылығы сезілетін. Келіп-кетуге де ұзағырақ еді. Ал жаңа ғимарат жайлы, заман талабына сай.
Ерқанат Қуатбекұлы, қала тұрғыны:
Әр кабинетте ұстаздарға көмекші ретінде робот берілген. Олардың барлығы балаға қолдана алса көптеген игі іс деп ойлаймын. Үлкен ұлым роботқа қызығады. Өзі роботқұрастырушы ғалым болғым келеді деп армандайды. Ал бұл жерде баланың талабын ұштап қанаттандыруға мүмкіндік береді.
Мектепте 2000 мың шәкірт білім алады. Ғимаратта 83 оқу бөлмесі, 4 спорт залы, теннис корты, робототехника кабинеті мен инклюзивті білім беру сыныптары жұмыс істейді. «Мұнда балалардың білімін тәжірибемен ұштастыруға мол мүмкіндік бар», - дейді ұстаздар қауымы.
Манат Әшірбекова, мектеп директоры:
Балалардың жан-жақты дамуына мектепте барлық жағдай жасалған. Қауіпсіздік шаралары өте жақсы қолданылған. Сыртқы да, іште де видео камералар бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға да барлық жағдай жасалған.
Елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 оқу ордасының құрылысы жоспарланған. Мұндай білім ошақтарында жобалық, зерттеу және тәжірибелік оқытуға басымдық беріледі. Цифрлық технологияларды кеңінен қолданып, шәкірттердің жеке дамуына көп көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы