Депутаттар: Банк қызметкерлері жеке деректерді сатқан
Банк қызметкерлері тұрғындардың жеке деректерін алаяқтарға сатып, несие рәсімдеуге көмек береді. Мәжіліс депутаттары Үкіметке осылай деп сауал жолдаған еді. Айтуларынша, кей қаржы ұйымдарындағы менеджерлердің арасында ұйымдасқан топ мүшелері бар. Тек Шығыс Қазақстанда 300-ге жуық адам әккілердің арбауына түскенін айтып, полицияға шағымданған. Жауапты министрлік банктердегі былықты реттеу үшін қандай қадам жасамақ? Мәліметтер базасындағы олқылық қашан оңалады?
64 жасар Александр Квиташ интернет-алаяқтарға алданған. Өзін банк қызметкері деп таныстырған әккі оны алдап-сулап, 750 мың теңгеге несие рәсімдеген. Енді зейнеткер көше сыпырып тапқан табысынан банкке ай сайын 50 мың теңге төлеуге мәжбүр.
Александр Квиташ:
Зейнетақы күнкөріске жетпегесін, аула тазартып, табыс табатын едім. Соны енді несиеге төлеп отырмын. Алданып қаламын деп ойламадым. Полицияға жүгіндім. Бірақ алаяқтар әлі ұсталған жоқ.
Александр өз деректерін телефон арқылы аңдамай айтса, кей тұрғындарды банктердің өзі қарызға кіргізеді. Жуырда ғана Ақмола облысында 348 азаматтың атына несие рәсімдеген банк менеджерлері ұсталды. Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжановтың айтуынша, банктерде ұйымдасқан топ болып жұмыс істейтіндер әлі де көп. Кейінгі бірнеше айда тек Шығыс Қазақстанда 300-ге жуық адам алданған.
Асхат Рақымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Олардың көбі табыс төмен болғасын, несие ала алмай жүрген. Банк қызметкерлері мұны білсе керек, қалай да жолын табамыз, банкке келіңіз деп шақырып, несие рәсімдетіп, қаржыны қалтаға басқан. Демек, ұйымдасқан топ болып, әбден ойластырылған схема арқылы жұмыс істейді. Істі құзырлы органдарға жолдадық.
Бұдан цифрлық даму министрлігі де хабардар. Сондықтан, банктегі жеке деректерді ұрылардан қорғау үшін бір жыл ішінде жаңа жүйені іске қоспақ.
Ырысты Жәлілханова, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма басшысы:
Супер администратор деген ұғым енгізіледі. Ол ақпараттық жүйелердің түрлі администраторларын қадағалайды. Ақпараттық жүйелерде дербес деректер ашық түрде емес, жабық түрде символдармен сақталады.
Яғни, енді банктегі менеджерлер несие рәсімдеу кезінде де тұрғындардың жеке деректерін көре алмайды. Ол тек банк басшылығы бекіткен бірнеше сенімді қызметкерге рұқсат етіледі. Алайда сарапшылар мұндай жүйенің мәліметтер базасын сақтауға «қауқары жетпейді» деп есептейді. Әуелі заңның кемшін тұсын түзетуден бастау керек.
Абай Мағауия, IT және Заң зерттеу орталығының директоры, SDU University аға оқытушысы:
Келісімшартты дұрыс оқымаймыз. Сол келісімшарттың ішінде ол ақпаратты басқа ұйымдармен бөлісу жайы да қарастырылады. Сондықтан банкке берген ақпаратыңыз тек сол банкте емес, бірнеше ұйымдарға да таралады. Өйткені Қазақстанда жеке деректердегі заңнамада бүкіл аспекті қамтылмаған.
Адвокат Айжан Кесебаева жеке дерегі ұрланған талай тұрғынға сот процесін жеңіп шығуға көмек берген. Айтуынша, көп жағдайда банк басшылығы жауапкершілікті деректі таратқан қызметкерге жүктейді де, ат тонын ала қашады.
Айжан Кесебаева, заңгер:
Банкті де материалдық жауапкершіліккке тартындай санкция енгізу керек Мысалы, Еуроодаққа кіретін мемлекеттерде кез келген құқықбұзушылық орын алатын болса банк өзінің айналымының 4 пайызы көлемінде мемлекетке айыппұл төлейді екен. Ол деген миллиондаған еуролар ғой. Сондай-ақ әр банкте дербес деректерді қорғау жөніндегі арнайы офицер жұмыс істейді.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Тере берсе түйткіл көп. Соның негізгісі – елде жеке деректерді қорғайтын құзырлы орган жоқ. Цифрлық даму министрлігі техникалық тұсын ретке келтірер, бірақ технологияның «тілін тапқан» әккілерге бұл тосқауыл емес. Демек, бақылауды күшейтіп, жауапкершілік бірінші кезекте банк иелеріне жүктелуі тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
