«Самұрық-Қазына» қоры нейрондық желінің қатысуымен жиын өткізді
Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиынға алғаш рет жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін кеңестің тәуелсіз цифрлық мүшесі SKAI қатысты. Отырыста қор қызметінің өткен 9 айда атқарған жұмысы қаралды. «Самұрық-Қазына» энергетика, көлік, цифрландыру саласындағы ауқымды бастамаларды іске асырып жатыр. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қаржылық көрсеткіштерде тұрақты оң динамика барын баяндады. Оның сөзінше, ірі инвестициялық жобалары бойынша қаражатты игеру көрсеткіші 99 пайызды құраған. Үкімет басшысы жиынға алғаш рет қатысып жатқан нейрондық желі SKAI-мен байланыс орнатып, қор жұмысы жайында пікір алмасты.
Скай, 2025 жылдың 9 айында отандық тауар өндірушілерге берілген қолдау көлемі қанша? Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда өсім қандай?
SKAI, Кеңес мүшесі:
9 айда қордың отандық тауар өндірушілерді қолдау көлемі артып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75%-ға жетті. Отандық тауар өндірушілерден тауар сатып алу 721 млрд теңгені құрады. Барлығы 497 отандық тауар өндірушімен 7227 шарт жасалды.
Айта кетейік, SKAI нейрожелісіне 2008 жылдан бері Қордың директорлар кеңесі қараған мәселелер бойынша барлық ақпарат жүктелген. SKAI тиісті оқудан өтті және өз қызметінде Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа алады. Сондай-ақ күн тәртібіндегі әрбір мәселеге негізделген ұсынымдар мен шешімдер қабылдауға қабілетті.