KASE: Теңге бағамына инфляция мен мұнай бағасы әсер етті
Биыл долларға қатысты теңгенің әлсіреуіне инфляцияның өсуі мен мұнай бағасының төмендеуі себеп. Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов осылай дейді. Оның мәліметінше, 9 айда елдегі инфляция деңгейі 12,9%-ға жетті. Бұл негізінен азық-түлік пен сусын және денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің қымбаттауымен байланысты. Инфляциялық қысымды тежеу мақсатында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-нан 18%-ға көтерді. Бағаның өсуіне жанармай құнының қымбаттауы да айтарлықтай әсер еткен деп отыр. Жыл басынан бері жанармай бағасы 12%-ға, әсіресе қыркүйекте 3,4%-ға өскен. KASE басқарма төрағасының мәліметінше, теңге бағамы ішкі инфляцияға ғана емес, әлемдік нарықтағы өзгерістерге де тікелей тәуелді. Мәселен, алтын мен мыс фьючерстері тиісінше 47% және 20%-ға қымбаттаса, Brent және WTI мұнайы сәйкесінше 10% және 13%-ға арзандаған.
Әділ Мұхамеджанов, Қазақстан қор биржасының
басқарма төрағасы:
Елде инфляциялық тәуекелдер сақталғанымен, экономикадағы өсімдерді де бақылап отырмыз. Мәселен, қор биржасы биыл рекордтық өсім көрсетті. Индекстік тізімге кіретін компаниялардың ішінде акциясы 133,7%-ға қымбаттағаны да бар. Бірқатар квазимемлекеттік компанияның бағалы қағаздары айтарлықтай өсті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
