Басты Жаңалықтар Алматылықтар үй маңына ақылы автотұрақ қойылуына қарсы

Алматылықтар үй маңына ақылы автотұрақ қойылуына қарсы

Алматылықтар тұрғын үй жанында ақылы автотұрақтардың қойылып жатқанына алауңдаулы. Көпқабатты үйлердің ауласында көлік қоятын жер тапшы. Енді іргелес көшелерге де төлемді тұрақ жүйесі енгізілсе, бұл қалтаға салмақ әрі қолайсыздық тудыруы мүмкін дейді жұрт. Қала әкімдігі «мұндай орындардың санын 30 мыңға дейін ұлғайтамыз», - деп бекініп отыр. Мәселенің шешімі қандай?

Көше бойына ақылы тұрақ белгілері орнатылғалы тұрғындардан маза кетті.  Көпқабатты тұрғын үй кешендерінің ауласына көлік қоятын орын жетпейді. Тұрғындар темір тұлпарын жол бойына қойып амалдайтын. Енді ақылы тұрақ жүйесі енгізілсе, бұл мүмкіндіктен де қағылайын деп тұр. Салдарынан тұрғын үй алаңында көлік қозғалысы қиындайды дейді халық.

Айнагүл Әбдірахманова, тұрғын:

Анамның аяғы ісіп, оны таксимен ауруханаға жеткізбек болдық. Алайда аулада көлік тым көп болғандықтан, такси подъезге дейін келе алмады. Сол оқиғадан кейін қатты уайымдаймын. Ақылы автотұрақ енгізілсе, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілер аулаға кіре алмай қала ма деп қорқамын.

Тұрғын Бағдат Байсейітов мәселенің мәнісін анықтау үшін көлік пен тұрақ санының есеп-қисабын түгендепті. Оның сөзінше, өзі тұратын ауданда шамамен 3 мыңнан астам пәтер бар. Жеке көлік мыңға жуықтайды. Ал тұрақтың саны 300-ге жетер-жетпес. Мәселені көтеріп, жауапты мекемелерге хат жазыпты. Алайда мардымды жауап ала алмадым деп отыр.

Бағдат Байсейітов, тұрғын:

Нақты жауап беріңіздер. Қажетті қағаздарды алдырыңыздар, сіздерден жауап күтемін деді. Байқасам, 1-2 күннен кейін бір-біріне сілтеу кетіп бара жатыр. Қазір 10 шақты рет сілтеген. Мен 20-сына бердім. 4 қазанда жауап келуі керек еді. Бірақ қалай болғанын білмеймін, ол 14  қазанға өтіп кетіпті. 

Төлемді автотұрақ жүйесіне қалалық әкімдікке қарасты «Алматы Паркинг» мекемесі жауапты. Қазірдің өзінде мегаполисте 18 мыңға жуық ақылы тұрақ бар. Енді олардың санын 30 мыңға дейін ұлғайту жоспарлап отыр.

Талант Тайнов, «Алматы Паркинг» КМК директорының орынбасары:

Ақылы автотұрақ жүйесі халық көп шоғырланған аймақтарға енгізіледі. Оның ішінде сауда орындары мен кеңселерге іргелес көшелерге қоюды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы қалада ретсіз қойылған көліктерді қадағалау, кептелістің алдын алу үшін жасалады.

Ал сарапшы Тасболат Бекетов мәселені шешудің жолы ретінде көпқабатты автотұрақ санын көбейтуді ұсынады.

Тасболат Бекетов, жолаушы тасымалдарының қауіпсіздігін арттыру саласының сарапшысы:

Ақылы автотұрақ жасаса, ол тұрақтар жолдың бойына емес, арнайы орындарға салып, адамдарға жайлы ету керек. Қазіргі таңда біздің қаламызда 700 мыңға жуық көлік бар. Көліктерді қалай орналастыру керек дегенде көпқабатты тұрақтар жасау керек. Ол кетпелісті де, тұрақ орнын да шешеді.

Алматыдағы ақылы тұрақтар таңғы 08:00-бен кешкі 19:00-ге дейін сағатына 100 теңге, ал кешкі және түнгі уақытта тегін. Көлік иелері үшін жеңілдікпен ай сайынғы абонемент енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Десе де үйінің жанында ақылы тұрақ қоюды қолдамайтын тұрғындар жиналып, әкімдікке шағымданамыз деп отыр.


Бөлісу