Редакция алқасы «Қазақстан тарихы» еңбегінің Алтын ордаға арналған ІІІ томын бекітті
Бүгін Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалық етуімен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Жиында редакция алқасы жалпы дауыс беру арқылы одан әрі баспаға дайындау үшін басылымның үшінші томының қолжазбасын бекіту туралы шешім қабылдады. Жеті томдық еңбекті дайындаудағы жұмыстарды қорытындылаған Мемлекеттік кеңесші отандық тарих ғылымындағы Алтын орда тақырыбының маңызын атап өтті. Сондай-ақ бүгінгі басқосуда академиялық басылымның төртінші томының мазмұны талқылаға түсті. Авторлар ұжымның жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Әбусейітова және томның үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов басылымның тұжырымдамасы, мазмұны және құрылымы туралы баяндама жасап, «Қазақ хандығы» деп аталатын төртінші томның ерекшеліктері мен жаңалығын баяндады. Ал редакция алқасының мүшелері – елге танымал тарихшы-ғалымдар өз ой-пікірін, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ әр томда қамтылатын тың деректер мен қызықты мәліметтер хақында сөз қозғады. Жиын соңында редакция алқасы төртінші томды жетілдіру жұмысын жалғастырып, келесі отырыста қарастыру жөнінде шешім қабылдады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
