«SANA-1» зерттеу жобасы аяқталды
Бүгін экипаж құрамы тек қыздардан құралған «SANA-1» зерттеу жобасы аяқталды. Ғарыш сынағына қатысушылар осыдан 10 күн бұрын арнайы кеңістікке оқшауланған еді. Бұл тәжірибе арқылы қыздардың көңіл күйі, психологиялық жағдайы, инженерлік қабілеті тексерілді.
Бұл кеңістік кәдімгі аспан әлемі сияқты. Сондықтан экипаж мүшелерін ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің өзі гүлшоғымен қарсы алды. Тағы бір деталь дәл осы күні Халық қаһарманы ғарыштағы миссиясын аяқтаған болатын. Ұшқыш мұндай тәжірибе ғарыш саласында ерекше маңызға ие екенін айтады.
Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы:
Біз әлемдегі ең озық ел болуды қалсақ, осы бағыттағы зерттеуді, тәжірибе жасауды жалғастыра беруіміз қажет. Себебі ғарыш саласы жаңа технологиялардың дамуына жол ашады.
Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
«САНА-1» - ғарыш саласындағы ең маңызды жобаның бірі. 4 қыздан құралған экипаж мүшелері дәл осы жерде желсіз, күнсіз 10 күн уақытын өткізді. Олар түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мұндағы мақсат – қыздардың психологиялық, медициналық және инженерлік дайындығын пысықтау.
Әсем Қуандық «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ ғылыми қызметкері, инженер:
Ең қиыны экспериментте әрине шектеулі кеңістік болды. Себебі ауа райын көре алмаймыз. Күн қашан батып, қашан атқанын көре алмаймыз. Біз өте тиянақты режиммен өмір сүрдік. Мойнымдағы наушник. Осы арқылы миымызға анализ жасалды. Түрлі-түрлі тесттен өттік.
Алина Гуторева, ғылыми бағдарламаның жетекшісі:
Алғашқы 3 күнде экипаж мүшелері өте қатты қобалжыды. Әрі осы күнді тағатсыздана күткені байқалды. Сосын олар кеңістікке бейімделу кезеңінде болды. Одан кейінгі күндері қыздардың бойында аздап шаршау байқалды. Ал соңғы үш күнде командалық көңіл күй, өзара түсіністік нығайды десек болады.
Мұндай зерттеу Орталық Азияда алғаш рет іске асырылып отыр. Бұл
ұлттық ғылыми базаны қалыптастыруға, STEM-бағыттарды танымал етуге,
ғарыш әлеміне қыздарды көптеп тартуға бағытталған бастама.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
