Басты Жаңалықтар Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы: Дирижерлер байқауы басталды

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы: Дирижерлер байқауы басталды

Елімізде дүлдүл домбырашы, ұлы сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай іс-шаралар легі жалғасуда. Бүгіннен бастап Алматыда аңыз тұлғаға арналған республикалық дирижерлер байқауы басталды. 3 күнге созылатын шара көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің рухани мұрасын қастерлеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Қазақ музыкасының алтын қорына енген туындылар арқылы жас дирижерлер кәсіби біліктілігін шыңдап, сахнада шеберлігін паш етеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, дирижерлер байқауы ұлттық музыка өнерін дәріптеп қана қоймай, жаңа есімдерді танытып, олардың шығармашылық дамуына серпін береді.

Айта кетейік, қазақтың әйгілі күйші-композиторы, КСРО халық әртісі, Қазақстанның «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның айтулы күнтізбелер тізіміне еніп, халықаралық деңгейде ұлықталды. Айтулы датаны қорытындылау үшін Алматыда ауқымды концерт беру жоспарланып отыр.

Дінзухра Тілендиева, «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері:

Бұл байқау «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Қуанышқа орай биыл 24 дирижер қатысып отыр. Бұл дирижер конкурсына аз емес. Осы жылдың аяғында Республика сарайында «Отырар сазы» оркестрімен, жұлдыздарымен бірге концерт өтеді.


Бөлісу