Әлемдегі Палестинаны қолдау шеруіне мың-мыңдаған адам қатысты
Газадағы соғыстың басталуының екі жылдығына орай әлем елдерінде ауқымды шерулер өтті. Палестинаны қолдау демонстрацияларына Еуропада, АҚШ-та, Латын Америкасында, Азияда мыңдаған адам қатысты.
Әлем елдерінде Палестинаны қолдау шерулеріне ондаған мың адам қатысты. Бұл акциялар Газадағы соғыстың басталуының екі жылдығына байланысты ұйымдастырылды.
Израильдің Газадағы әрекеттерін айыптаған акциялар Германияда, Ұлыбританияда, Францияда, Швейцарияда, Швецияда, Грекияда, Түркияда, АҚШ-та, Мексикада, Колумбияда, Аргентинада, Бразилияда, Чилиде, Австралияда, Индонезияда, Пәкістанда және тағы басқа елдерде өтті.
Мануэль Мавролеон, Мехико тұрғыны:
Газа халқының жағдайы жүректі ауыртады. Менің ойымша, Израиль үкіметі бейбітшілікті ешқашан мақсат еткен емес.
Марк Эткинд, Лондон тұрғыны:
Бүгін біз екі жыл бұрын өлтірілген мыңнан астам адамды еске алдық. Өте сұмдық оқиға. Бірақ содан бері Газада 200 мыңдай тұрғын қырылған тәрізді. Бұл тіпті сұмдық емес пе?!
Асма Мадиа, Джакарта тұрғыны:
Индонезия лидерлері бұл жағдайға кең ауқымды жауап қайтаруы керек. Біріккен Ұлтттар Ұйымы да күшпен әрекет етуі тиіс. Әйтпесе, Израиль бір күні қалаған еліне шабуыл жасауы мүмкін.
2023 жылы қазанның 7-де «Хамас» 1200 адамды өлтіріп, 251-ін кепілдікке алды. Содан кейін Израиь бұл топқа қарсы шабуылға кірісіп, Газада 67 мыңнан астам палестиналықты мерт қылды және де теңіз жағалауындағы анклав түгелге жуық қирап, 2,2 миллион халықтың көбі баспанасыз қалып, басы ауған жаққа үдере көшті. Сонымен қатар Газада мыңдаған тұрғын ашаршылыққа душар болды.
Захер Әл-Уәхиди, Газа денсаулық сақтау орталығының директоры:
Палестина халқының жан түршігерлік қырғынға ұшырауының куәсі болған Газа секторында екі жыл бойы жалғасқан соғыстан қаза тапқандар саны 67 173-ке жетті. Жараланғандар 170 мыңға жуық. Құрбандардың 30 пайыздан астамы балалар.
Газадағы ауыр гуманитарлық жағдай жер жүзінде миллиондаған адамды палестиналықтардың жағына шығарып, Израильдің халықаралық аренадан оқшалануын күшейтіп отыр.
Израильдің өзі болса, палестиналықтарды қуғын-сүргінге ұшыратқанын жоққа шығарып келеді. Оның мәлімдеуінше, Газада бейбіт тұрғындардың қаза табуына негізінен «хамастықтардың» халықтың арасына жасырынуы себеп. «Хамас» тағылған кінәні мойындаған емес.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
