Өңірлер жылыту маусымына 65 пайыз дайын
Қыс қыр астында! Аяз қысса ғана, көпшілік көмір алуға асығады. Ал өңірлерді қатты отынмен қамту әзірге 65 пайыздан аспайды. Биылдан бастап бұл мәселеге Энергетика министрлігі жауапты. Қазір қоймалардағы баға мен ондағы ахуал қалай?
Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
Қыстың қамына кіріскен тұрғындар Елорданың төңірегіндегі көмір қоймаларын торауылдап жүрген тәрізді. Мына менің ту сыртымдағы 6 вагон осы көмір қоймасына бүгін ғана жеткізілген. Дәл қазір таусылуға жақындаған. Ал кейбір жерлерде көмір мүлде жоқ.
Ғани Қорғанұлы, кәсіпкер:
Соңғы рет бір апта бұрын 8 вагон келді. 550 тонна. Майкүбі көмірін саттым. Шұбаркөл, Қаражыра көмірлері бізде жоқ.
Бас қаладағы көмір бағасы 15500 теңгеден басталады. Ең арзаны Майкөбенің көмірі. Ал Қаражыраның қатты отыны 18500 теңге, Шұбаркөлдің көмірі 19 мыңнан жоғары. Әзірге Астанадағы қоймаларда талас-тартыс жоқ. Оның бәрі қыс қаһарына мінгенде басталады дейді көпшілік.
Баян Қалиоллаұлы, Қосшы қаласының тұрғыны:
Былтыр 30 мыңға түсіргем. Биыл бензин көтеріліп жатыр. Сол үшін 35-40 мың болатын шығар. Жылда ертерек алатынмын. Шілде айларында алып тастайтын едім. 11 тонна көмір алып қайтсам деген үмітім бар.
Былтыр Павлодар облысына 580 мың тонна көмір қажет болса, биыл сұраныс артқан. Соған сәйкес, баға 2-2,5 мың теңгеге қымбаттаған. Ал Қостанай облысына 430 мың тоннаның үстінде қатты отын қажет. Соның 76 пайызы жеткізілген. Бағасы - 22 мың теңге көлемінде. Жалпы, еліміз бойынша қыстан қысылмай шығу үшін 7,7 млн тонна көмір керек.
Ернар Хасенов, ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
Жергілікті атқарушы органдармен және «Қазақстан темір жолы» АҚ бірлесіп, республикалық штаб жұмыс істейді. Ең басты мақсат әрбір өңірге қажетті отын қорын жеткізу. Қазіргі таңда осы жоспардың 62-65 пайызы орындалды. Бүкіл жұмыстар кестеге сәйкес ұйымдастырылған.
Синоптиктер алдағы күндері еліміздің солтүстігінде күн суытып, шығыс пен
орталықта түнгі уақытта -13 градусқа дейін аяз күтіледі деп болжам жасады.
Министрлік мәліметінше, аталған өңірлерге осы аптада жылу беріле бастайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
