Голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға талап күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға талап күшейді

04.12.2018

Әлемге аты мәшһүр голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға талап күшейді.  Осы бағытта жұмыс істеп жатқан отандық компаниялар бір фильмді аударып, дыбыстап көрермен назарына ұсыну үшін кемінде 50 миллион теңге шығындайды. Яғни, шетелдің шедевр киноларын қазақша сөйлетуге осы күні  қомақты қаржымен қоса, қажырлы еңбек жұмсалуда. Мұның барлығы талғамы жоғары тұтынушының талабын орындау мақсатында жасалуда.

Жәнібек Мұсаев дүнижүзіне белгілі «Дисней» студиясының талаптарын толық орындаған кәсіби әртіс. Қазір  кезекті мультфильмді дубляждау үстінде. Мысалы, бұған дейін ол балдырғандарға арналған «Ральфті» сәтті қазақшалаған.

Жәнібек Мұсаев,  кино және театр әртісі:

Қазақстанда аударма дубляждарын жасайтын актерлардың ортасы бар. Қазақ көрермендерінің сұранысын қамтамасыз ете алатындай, кинотеатрларға арналған фильмдердің барлығын өз деңгейінде жасап жүрміз деп айта аламын.

Қазақшаға аударылып дыбысталған шетелдік туындыларға сын айтатындар қазір аз. Себебі, қазақша сөйлетін киноның сапасы голливудтық деңгейге жетті. Қазақша киноның басы-қасында жүргендер осылай дейді.  

Айсұлтан Мұхамедияұлы, блогер:

Тілі жеңіл. Бала да, үлкендер де түсінетін тілмен аударылып жүр. Жақсы дыбысталып жүр.

Азамат Қанапия, дубляж актері:

Қазақ тілінде өзіміз ерікті түрде жасаған көптеген дүниелеріміз бар. бұл бойынша еңбек етіп жатқандар бар.  

Қазақстанда голливудтық фильмдерді қазақшалау мақсатында арнайы «Болашақ» корпоративтік қоры құрылды. Аталған мекеме аз уақыттың ішінде әлемдік деңгейдегі 28 туындыны аударып дубляждаған. Мамандардың айтуынша, фильмдерді қазақша сөйлетуге орасан зор күш жұмсалады. Аударма мен дубляж барысында ұлттық болмысымыз ескеріледі. Актерларға кастинг жарияланып, ең үздіктері таңдалып алынады. 

Айымгүл Орынбаева,  «Болашақ» корпоративтік қорының жоба менеджері:

1 дауысқа шамамен 20-30 актер келеді. Біз ол дауыстарды «Дисней» студиясына жібереміз. Олар өз нұсқаларын айтып, жауабын жібереді.

 

Ербол Мәндібек, тілші:

Кинотеатрға барып тұрып қазақ тіліндегі туындыны сұрағаның үшін ешкім шапаныңды шешіп алмайды. Бұл жерде бірінші, ана тіліңді әспеттеп, екінші, идеология құралымен қаруланасыз. Титықтап сұрсай берсең, қыңырдың өзі ығыңа жығылары белгілі. Өнбейтін істің иесі сылтауға соғып жүріп алары сөзсіз. Сондықтан, бітпейтін сылтау іздегенше, құрығанда бір мәрте қазақша кино не мультфильм тамашалауға тырысыңыз.

 Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу