Басты Жаңалықтар Су қоймаларының құрылысы келесі жылы аяқталады

Су қоймаларының құрылысы келесі жылы аяқталады

Түркістан облысында жаңғыртылып жатқан Көксарай су қоймасы ал, Жамбыл және Қызылорда облыстарында салынып жатқан стратегиялық нысандардың құрылысы келесі жылы аяқталуы тиіс. Президент Қ.Тоқаев Мәслихат депутаттарының  кешегі форумында  халық аса маңызды жобалардың игілігін көп ұзамай көруі тиіс деді. Сондай-ақ өңірлерде арналарды бетонмен бекіту жұмысы да қатар қолға алынды. 

Қазір елімізде 220-дан астам су шаруашылығы нысандары жаңадан салынып, тозғаны қайта жөнделіп жатыр. Биыл бұл бағытта Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасы жаңғыртылып, «Бәйдібек ата» және «Қарақуыc» стратегиялық нысандарының құрылысы қарқын алды.

Әсел Молдағалиева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі гидротехникалық құрылыстар басқармасының бас сарапшысы:

Жалпы, 147 жоба іске асырылды, оның ішінде 53 жоба толығымен аяқталды. Одан бөлек Батыс Қазақстан, Абай, Қарағанды және Жетісу облыстарында бір-бірден су қоймасын салу жоспарлары әзірленді. Жалпы, осы жобалардың аясында 677 шақырым ирригациялық жүйелер жөнделді. 4 су қойма реконструкцияланды және 15 топтық су құбырлар жөнделді.

Ал Жамбыл облысында 5 мыңға жуық шаруа 80 мың гектар суармалы жерді игеріп отыр. Бірақ олар пайдаланатын гидро нысандардың 60% тозып тұр. Сондықтан биыл «Қарақоңыз» су сақтау нысаны қайта жаңғыртылып, Ақмола және Қалғұты су қоймалары жаңадан салынады. Бұл 20 мың га алқапты сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Сондай-ақ биыл өңірдің 5 ауданында 76 канал бетондала бастады. Нәтижесінде 52 мың гектарға жуық алқапқа су сыртқа ақпай, жоғалтусыз жетеді. Қайта жаңғыратын арналардың жалпы ұзындығы 430 шақырым. Ал басым бөлігі Шу ауданында орналасқан.

Жоба екі жылға созылады. Сондықтан су жеткізу уақытша шектелетіндіктен егістік көлемі қысқартылды. Өткен жылмен салыстырғанда биыл суармалы алқап 16,7 мың гектарға азайған.   

Төлебек Құлекеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Суаруға мүмкіндік көбейеді егістік алқаптарды. Көкөніс алқаптарын ұлғайтуға мүмкіндік болады. Бұл өз кезегінде мынау өңірдің әлеуметтік маңызы бар тауарлардың пияз, картоп дейміз ғой осылардың алқаптарын көбейте отырып әлеуметтік азық-түлік тауарларының қауіпсіздігіне оң әсерін тигізетін болады.

Бүгінде елімізде 214 каналды реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша 88 жоба іске асырылып жатыр. Басым бөлігінің жұмысы келесі жылдың соңына дейін аяқталмақ. Ал 2030 жылға дейін 14 мың шақырымнан асатын канал жөнделіп, 42 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 37-сі қайта жаңғыртудан өтпек.

Бөлісу