Өңірде 4000-нан аса ерікті еңбек етеді
Қарағандыда Халықаралық волонтерлер жылына арналған форум өтті. Жиынға 4000-нан аса ерікті ат салысып, 75 волонтерлық ұйым қатысты. Жалынды жастар қатысқан шарада жалпыұлттық референдумның мәні мен маңызы айтылды.
Жалпыұлттық референдум қарсанында мыңдаған еріктілердің басын қосқан ауқымды шара 2 күнге созылды. Жастар алдымен эко-хабтың ашылуына қатысып, маңызды жоспарларды пленарлық отырыста талқылады. Ал қорытынды жиынға облыс әкімі арнайы қатысып, еріктілердің жұмысын жоғары бағалады.
Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:
Бүгінгі күннің батырлары – сендерсіңдер. Өзінен бұрын өзгені ойлап, мұқтаж жандарға көмектескеннің өзі – ерлік. Бұдан былай – жаңа Конституция жобасы қабылданса, мемлекет еріктілердің еңбегін қолдайтын болады. Демек, елге жасаған жақсылықтарың еленеді деген сөз.
Өңірде 2026 жылы 75 волонтерлық ұйым тіркеліп, еріктілердің саны 4000-нан асты. Олар 300-ге жуық әлеуметтік жоба мен 200-ден астам экологиялық бағытта түрлі іс-шара өткізген. Оған бас-аяғы 9000-ға жуық жас қатысты. Жиында сол белсенді жастар арнайы марапатталды
Ардана Мырзанова, облыстық Волонтерлер фронт-офисінің басшысы:
Волонтерлердің санынан ғана емес, сапасы жағынан әлеуметтік болсын, экологиялық бағыт болсын кез келген бағытта алдынғы қатардан табылатындай іс-шараларымыз көп. Оның ішінде 2025 жылдан бастап 2000 астам іс-шараға 16 мың ерікті қызмет атқарған болатын.
Қазір елде 680 волонтерлық ұйым бар, 200 мыңға жуық ерікті еңбек етіп жүр. Мемлекет басшысы жыл басында еріктілермен арнайы кездесіп, нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын саналы азамат деп, баға берді. Бұл жастарға артылған жауапкершіклік әрі үлкен сенім, дейді еріктілер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы