Ауаны ластайтын автокөліктер жіті бақыланады
Алматы әлемдегі ауа сапасы ең нашар саналатын қалалардың тізіміне енді. Швейцариялық IQAir халықаралық компаниясы мегаполисті бұл көрсеткіш бойынша екінші орынға қойған. Себебі қаладағы ауа сапасы балалар, қарттар және тыныс алу ауруы бар адамдар үшін қауіпті. Мамандар мұны техникалық талапқа сай келмейтін көліктердің көптігімен байланыстырады. Мәселені шешу үшін қалада рейдтік тексерістер жалғасып жатыр.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Мегаполиске күнделікті 300 мыңға жуық темір тұлпар кіреді. Ал олардың техникалық жағдайын қаладағы дәл осындай 19 экологиялық бекет анықтайды. Ол үшін мұнда газ анықтауыш құрылғы орналасқан. Мұндағы мамандар көліктің талапқа сай келетінін, не болмаса келмейтінін бақылайды. Мұның барлығы қаладағы экологиялық ахуалды сақтауға арналған шара.
Алматыда экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктерді анықтау үшін рейдтік шаралар жалғасып келеді. Жыл басынан бері 18 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тимур Ноғайбаев, қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:
Құқық бұзушылық анықталған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш, 334 бапқа сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдай бір жылдың ішінде қайталанса, әкімшілік жауапкершілігі артады. Көлік құрал нөмері алынып, көлікті тиісті жағдайға техникалық жағдайларын реттегенге дейін қолдануға рұқсат берілмейді.
Мамандардың айтуынша, бір көліктен жылына 4 тоннаға дейін көмірқышқыл газы, 30 келіге дейін көміртек тотығы және 10 келі азот оксидтері бөлінеді. Егер автомобильдер экологиялық талапқа сай келмесе, бұл көрсеткіш екі есеге дейін артуы мүмкін.
Салдарынан тұрғындар арасында тыныс алу және жүрек-қан тамыр аурулары жиілейді. Сарапшылар экологиялық жағдайды жақсарту үшін қоғамдық көліктерге ден қоюды ұсынады.
Айнұр Сейілхан, эколог:
Егер біз дәстүрлі көліктерден велосипедке, метроға, қоғамдық көліктерге ауысатын болсақ, адамның денсаулығына кері әсерін тигізетін аурулардың санын азайтып, халықты салауатты өмірге қалыптастыра аламыз.
Қазір Алматыда 700 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Қалалық әкімдік енді әр көлікті жіті тексеруді қолға алмақ. Бұл үшін жылжымалы экологиялық зертханалар іске қосылады. Сондай-ақ талапқа сай келмейтін көліктердің қозғалысын шектейтін пилоттық жоба жүзеге аспақ. Мамандардың пікірінше, бұл Алматының ауасын тазартуға оң әсер етеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
